- Негізгі бет
- Әлемтану
- Чернобыльге баратын саяхатшылар...
Чернобыльге баратын саяхатшылар саны күрт артты
Чернобыльдің жабық аймағына биыл 10 ай ішінде 107,6 мың саяхатшы келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 74,9 пайызға көп. Украина жабық аймақты бақылау агенттігінің мәліметінше бұл жаңа рекорд саналады.
Саяхатшылардың 80 пайызы шетелден келген. Олардың қатарында: Ұлыбритания (15738 саяхатшы), Польша (9378 саяхатшы), Германия (7826 саяхатшы), АҚШ (5580 саяхатшы) және Чехия (4063 саяхатшы) мемлекеттері бар.
Агенттіктің айтуынша, саяхатшылар санының артуы биыл көктем айында басталған. Бұл “Чернобыль” мини-сериалының түсірілімімен байланысты. Нәтижесінде аталған аймақта қосымша инфрақұрылымдар мен жаңа жолдар салына бастады.
Туроператорларға Полесск қорығында саяхат ұйымдастыру құқығы 2018 жылы қараша айында берілген. Бұл жерге саяхатшылар негізінен Польша, Нидерланд және бұрынғы КСРО құрамында болған елдерден келеді. Бір топ үшін экскурсия құны 160-350 доллар аралығында. Полесск радиациялық-экологиялық қорығы 1988 жылы радиобиологиялық және экологиялық зерттеулер өткізу үшін құрылған. Оның аумағында 96 қараусыз елді мекен бар.
Айта кетейік, Американың "Чернобыль" (Chernobyl) сериалы көпшілікке ұсынылғаннан кейін саяхатшылардың Чернобыльдің Белоруссиядағы бөлігіне қызығушылығы артқанын жазған едік. 5 бөлімнен тұратын "Чернобыль" сериалының алғашқы бөлімі 6 мамырда жарияланған. Сериал 1986 жылғы 26 сәуірде адамзатқа қаншама қасірет әкелген Чернобыль АЭС-індегі апат туралы баяндайды. Қысқа уақытта ол ең танымал сериалдардың көшін бастады.
Т. Раушанұлы