- Негізгі бет
- Әлемтану
- Чернобыльдегі жабайы бұқа...
Чернобыльдегі жабайы бұқа мен сиырлар табиғатқа пайдалы
1986 жылы сәуірде Чернобыль атом электр станциясында қатты жарылыс болып, радиоактивті элемент қоршағар ортаны ластады. Бірнеше шақырым радиустағы жергілікті тұрғындар эвакуацияланып, мыңдаған үй жануары иесіз қалды. Қазіргі уақытта Чернобыль аймағында адам жоқтың қасы, бірақ орманды жерлерде мыңдаған жан-жануар өміріп сүріп жатыр. Олардың арасында үй жануарлары да бар.
Ерекше қорғалатын аймақ туралы деректі фильм түсіру кезінде адамдар ірі қара малын байқаған. Әдетте, "Зеңгі баба ұрпағы" өрісте жабайы жануарлар заңын сақтамай, бытыраңқы жайылады, ал Чернобыль бұқасы мен сиыры жабайы жануарлар сияқты топтанып жүреді. Осының арқасында олар жыртқыштардың, тіпті қасқырлардың шабуылынан қорықпайды.
Чернобыль жануарлары
Жануарлардың ерекше мінез-құлқы туралы Facebook-те радиациялық-экология биосфера резерват қызметкерлері хабарлады. Түсірілім тобынан басқа жабайы бұқа мен сиырлардың тобын ғалымдар үш жылдан бері бақылап келеді екен. Бұл жабайы жануарлардың жалғыз тобы емес, өйткені зерттеушілер шамамен 35 жыл бұрын бір кездері Чистогаливка ауылынан осындай сиырларды байқаған.
Лубянка ауылындағы жабайы сиырлар мен бұқалар
Ғалымдарды қызықтырған жабайы сиырлар табыны ерекше қорғау аймағының батыс бөлігінде, Илья өзеніне жақын жерде анықталған. Бақылау кезінде олар өзін жабайы аталары – турлар сияқты ұстайтыны байқалған. Бұл қазіргі заманғы сиырдың бұрынғы тегі. Турлардың соңғы тұяғы 1627 жылы Польша жерінде көзі жойылған. Жабайы сиырлардың жойылу себебі жүйелі түрде аң аулау және адамның шаруашылық әрекеттері деп саналады. Бұл ірі малдың бойы 2 метр, салмағы 800 келі және ұзын мүйізі болған. Тарих бойына ғалымдар бұл сиырларды тірілтуге тырысты, қаншама тәжірибелер жасалды. Біра бәрі де нәтижесіз аяқталған.
Жабайы турлар шамамен осындай болған
Жабайы бұқалар мен сиырлар
Үй жануарларынан айырмашылығы, жабайы бұқалар табында арнайы ережелерді сақтайды. Оның ішінде физикалық күшінің арқасында мәртебеге ие болған негізгі басшы бұқа болады. Ол бұзауды жыртқыштар алып кетпеуі үшін табын арасынан шығармай ұстайды. Жас бұқаларды табыннан қуып шықпайды, өйткені олар тек бірлескен күш арқылы жыртқыштарға қарсы тұра алатынын біледі. Табын басшысы өз мәртебесіне таласқан жас бұқаларды ғана топтан қуып шығады.
Қатты аяз жабайы сиырларға қорқыныш емес дейді зерттеушілер. Осы жылдар ішінде олар табиғатта өмір сүруге дағдыланған. Бір кездері турлар дәл осылай өмір сүрген, яғни қажет болған жағдайда жабайы инстинктілерді үй жануарларында да оятуға болады екен.
Чернобыльдағы жабайы бұқалар мен сиырлар сол жердегі табиғатқа өте пайдалы. Олар біржылдық өсімдіктердің қалдықтарын жейді. Тұяғымен ормандағы топырақты арамшөптермен қоректендіріп, құнарландырады. Осының арқасында орман жойылмай сақталады. Ғалымдар жануарлардың жағдайын үнемі қадағалап отыратынын айтады.
Қазақстанда АЭС құру дұрыс па, бұрыс па?
Айта кетейік, Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында 1986 жылы сәуір айында АЭС-тің 4-энергоблогында апат болды. Чернобыль апатының нәтижесінде Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адам өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталды. Апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да тартылды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Бірақ ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деп мәлімдеген еді. Бұл апат салдарын жоюға Қазақстаннан 35 мың адам тартылса, жалпы КСРО-дан 500 мыңға жуық адам шақырылған.
Т. Раушанұлы