- Негізгі бет
- Әлемтану
- "Буржуазиялық ойыннан" каратэге...
"Буржуазиялық ойыннан" каратэге дейін: КСРО-да тыйым салынған спорт түрлері
Кеңес Одағы тікелей айтқанда тыйымдар елі болды. Жағдайдың қиындағаны сонша, тіпті әлемнің көптеген елдерінде танымал спорттың кейбір түрлері түрлі сылтаулармен тыйым салынды. Осы спорт түрлерінің ішінде каратэ мен бейсбол қатыгездікке жатты, ал бодибилдинг адам ағзасына артық күш түсіретін спорт түрі саналды. Йоганы адам ойын бұзады деген желеумен шектеді, ал бильярд "буржуазиялық ойын" атанды.
1980 жылдардың аяғына дейін жоғарыда аталған спорт түрлерімен ашық айналысуға болмайтын, жасырын айналысқандар түрмеге жабылатын. Тек 1988-89 жылдары ғана Горбачев бастаған реформаларға байланысты тыйым салынған спорт түрлерімен айналысуға рұқсат етілді.
1. Каратэ
КСРО-да жапон жекпе-жек өнері саналатын каратэмен алғашында ешкім айналыспаған. Сондай-ақ бұрынғы одақта каратэ федерациясы болған жоқ, ресми жарыстар да өткізілмеді. Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-ның жапондықтарға қарсы соғысы, одан кейін "капиталистік Жапонияға" қарсы кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуіне байланысты совет азаматтары арасында каратэге деген қызығушылық көп болған жоқ. Бірақ 1970-ші жылдардың соңы мен 80-жылдардың басында жағдай өзгерді.
КСРО-ға бейнемагнитофондармен қатар каратэ, таэквондо сияқты жекпе-жек өнерін бейнелейтін шетелдік фильмдер де келеді. Сол фильмдердің арқасында каратэмен шұғылданатын кеңес жастарының саны күрт өсті. Осыдан кейін 1981 жылы КСРО-да каратэге тыйым салынды. Бұл спорт зорлық-зомбылық болып саналды.
2. Бодибилдинг
Бұлшық еттердің өсуі есебінен денені күшті және әдемі етуге құрылған бұл спорт түрі өткен ғасырдың 60-70-жылдары АҚШ пен Батыс Еуропада өте танымал болды. Кейіннен әлемге әйгілі актер атанған Арнольд Шварцнеггер сол кездегі спорттың осы түрінен көптеген жарыстарда жеңіске жеткен спортшының бірі еді.
Ол кезде Батыста бодибилдинг бұлшық еттерді ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтын, дұрыс тамақтануды, позитивті ойлауды қажет ететін спорт түрі саналды.
Бірақ КСРО-да бодибилдинг партия басшыларына ұнамады. Олар үшін кеңес адамы кейбір жаттығулардың арқасында бұлшық еттерін өсірмей, көбірек еңбек етуді ойлап, сол арқылы социалистік қоғамды коммунизмге жақындатуға үлес қосуы керек болатын. Осы себепті 1973 жылдан бастап бодибилдинг кеңес адамдары үшін зиянды спорт түрі деп саналып, оған тыйым салынды.
3. Бейсбол
Бейсбол КСРО-ға алғаш рет 1930 жылдары мұхиттың арғы жағынан келді. Оны Жаңа Экономикалық Саясат кезінде зауыттар салған америкалықтар ойнады. Бұл спорт түрі Кеңес Одағында тез танымал болды. Тіпті 1930 жылдардың аяғында жоғары оқу орындарында клубтар мен ұйымдар құрылды.
1937 жылға дейін ірі қалалардың көпшілігінде бейсбол ойнау үшін арнайы алаңдар салынды. Ол кезде КСРО-да бірінші бейсбол лигасы құрылып, жарыстар өткізіле бастады. Бірақ көп ұзамай КСРО-да сталиндік қуғын-сүргін басталып, америкалықтар тыңшылық жасады деген айыппен түрмеге жабылады. Осыдан кейін бейсбол ойындары тоқтатылады.
Бейсбол Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін бұқаралық спорт түріне айналмаса да, оған тыйым салынбады, Кеңес азаматтары бұл спорт түрімен айналыса алды.
1950 жылдары Германияның бөлінуінен кейін КСРО мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар салқындаған кезде жағдай өзгере бастады, содан кейін Корей түбегіндегі қақтығыс басталды.
Кариб теңізінде бірнеше жылдан кейін Куба мемлекетінің жағдайы күрделі болып, "қырғи-қабақ соғыс" кезеңі басталады. Осыдан кейін Кеңес үкіметі АҚШ-қа қатысты барлық нәрсеге тыйым салады, оның ішінде бейсболға да.
Басқа тыйым салынған спорт түрлері сияқты бейсболға 1980 жылдардың аяғында рұқсат етілді.
4. Бильярд
Бұрынғы Кеңес Одағында бильярдқа қазан төңкерісінен кейін "буржуазиялық ойын" ретінде тыйым салынған. 1930 жылға қарай ел көсемі Сталин бильярд ойынына қызығушылық танытты. Осыдан кейін тыйым алынып тасталады.
Бильярд мемлекет басшысының жеке мүддесінен кейін қайтадан жанданады. Бильярд үстелі Кеңес республикасының барлық санаторийлерінде, театрлардың, мұражайлардың фойесінде, тіпті саябақтарда да орнатылады. Дене шынықтыру және спорт ойындары комитетінің жанынан бильярд ойынын үйрететін үйірмелер ашылады. КСРО бойынша түрлі турнирлер ұйымдастырылады.
1947 жылға қарай бильярд танымалдылығын жоғалта бастады. Сонымен бірге олар бұл ойынның танымалдылығын қайтадан тыйым салынбаса да жасанды түрде төмендетуге тырысты.
5. Брейк-данс
Брейк-данс өткен ғасырдың 70-жылдары пайда болып, Батыста тез танымал болды. Оны көпшілік спорт түрі деп санағанымен, КСРО-да бейресми түрде тыйым салынады. Солай бола тұра, жастар жасырын түрде айналыса бастайды.
1985 жылдан кейін жағдай өзгере бастады. КСРО-ның әртүрлі қалаларында брейк-данс ойнайтын орындар пайда болады. "Курьер" сияқты фильмдерде жастардың брейк-данс билеген кадрлары көрсетіледі. Осылайша бұл биге бейресми тыйым жойылады.
6. Йога
Кеңес идеологиясы йога адамның психикасын бұзады деп есептеді. Олар йогамен айналысатын адамдар коммунизм құру үшін жұмыс істемейді деп сенді. Сондықтан олар йогаға тыйым салды.
1970 жылы "Киевнаучфильм" йога туралы деректі фильм көрсетеді. Демонстрациядан кейін елде йогаға қызығушылық оянып, онымен айналысқысы келетіндер саны күрт артады. Адамдар арасында йогамен айналысатындар отқа күймейді, денесі жарақаттанбайды деген қауесет таралады.
1980 жылдары Кеңес үкіметі йогамен айналысатындарды еш нәрсе тежей алмайтынын түсінді. Осыдан кейін кеңес идеологиясы оны өзінше насихаттай бастады. Йогадан философиялық элементтер жойылып, тек дене шынықтыру ғана қалды.
Т. Раушанұлы