- Негізгі бет
- Әлемтану
- Бұл қызық: Аль...
Бұл қызық: Аль Капоненің сүт өндірісіне қатысы қандай?
Өткен ғасырдың 30-жылдары Америкадағы "Құрғақ низамнан" ("Сухой закон") кейін, әйгілі гангстер Аль Капоненің гаражында жүздеген жүк мәшине жұмыссыз қаңтарылып қалыпты. Әрине, ол көліктер бір кездері алкогольдік өнімдерді жасырын тасымалдауға пайдаланылған ғой. Кейін, ішімдікке рұқсат берілген соң, Капоненің қыруар пайда түсіріп тұрған бизнесі де, қаптаған жүк көліктері де тоқтаған...
Енді не істеу керек? Айлакер Капоне қаладағы сүт бизнесін өз қарауына алуға бел буады. Әуелі ең үлкен сүт зауытын сатып алған. Сосын, біртіндеп өзі шығарған сүт өнімдерінің жарамдылық мерзімін көрсетіп, арнайы маркировка енгізе бастайды. Рас, ол кезде оның бұл әрекетіне, сүт өнімдерінің сапасына ешкім аса мән бере қоймайды.
Көп ұзамай, Капоне Чикаго қалалық кеңесінің мүшелерін паралап, кеңес жиналысының күн тәртібіне "Қала тұрғындары мен жас сәбилердің қауіпсіздігі үшін" дейтін, сүт сатушыларды өнімнің шығарылған күнін көрсетуге міндеттейтін арнайы заңның қабылдануына бар күшін салады.., өйткені, өнімнің шығарылған күнін таңбалайтын арнаулы құрылғы тек Капонеде ғана бар еді...
Сөйтіп, өзге майда-шүйде сүтсаудалаушылар амалдың жоғынан өз өнімдерін Аль Капоненің зауытына арзанға өткізуге мәжбүр болған...
Әйгілі гангстер, заңсыз ішімдіктің королі, мемлекеттік заңға қиғаш әрекет ете жүріп байыған баскесер, айлакер де қатігез Капоне ең алғаш боп Америкадағы сүт өнімдеріне маркировка жасау дәстүрін қалыптастырған екен.
Елдің айтуынша, оған бұл идея - бір күні отбасымен түгел сүттен уланып қалған кезінде келген көрінеді...
Қанат Ескендір