- Негізгі бет
- Әлемтану
- Бүгін – Ленинград...
Бүгін – Ленинград қоршауы бұзылған күн
Бүгін – Екінші Дүние жүзілік соғыс кезіндегі 872 күнге созылған Ленинград қоршауы бұзылған күн. Осыған орай Ленинград шайқасы кезіндегі қызықты мәліметтер мен оған қатысқан қазақстандық дивизия туралы әңгімелемекпіз.
Ленинград шайқасы кезінде қалаға 150 мың снаряд, 107 рет әуе бомбасы түскен. Әрбір көше, әрбір үй үшін жан беріп, жан алысқан соғыста 642 мың жауынгер (кейбір деректерде 840 мың) қайтыс болған. Кеңес әскері қаланы қорғаудың барлық шараларын көрді. 4 мыңнан аса дзот құрылды. КСРО-ның барлық халқы қала тұрғындарының тілеуін тіледі.
Қала халқын КСРО-лықтар азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырысты. 1942 жылы мұз қатқан Ладога көлі үстімен қалаға керекті киім-кешек, азық-түлік жеткізіліп тұрды. Жергілікті тұрғындар оны "Өмір жолы" деп атады.
Ленинградты жаудан азат ету жолындағы шайқасқа қазақстандық әскери құрамалардың 30 пайызы қатысты. Әсіресе, 316-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизия Ленинград облысының 22 елдімекенін жаудан тазартуға атсалысты.
Балтық флотының “Киров” крейсерінде 156 қазақстандық жауынгерлік борышын орындады. Қазақстан ленинградтықтарға азық-түлік пен делегациялар жіберіп те, хат арқылы да көмек беріп отырды. Қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім!” атты жалынды жыры жауынгерлерді күреске жігерлендіре түсті. Ақын жыры достықтың шынайы ән ұранына айналды.
"Ленинградтық өренім!” өлеңінен үзінді:
Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін.
...Жолды кернеп қол кетті
Сендерге дем бергелі,
Нева алабын қорыңдар
Ленинградтың ерлері,
Ұрпаққа үлгі болыңдар,
Заманымның өрнегі!
Ата-бабаң баяғы
Аян еді Жамбылға;
...Жаным қалай жайланар!
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін!..
Жетсін деймін сендерге
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласындағы Лениннің
Сайып қыран өренім!
Ерлік көрсеткен қазақстандықтар
• Сұлтан Баймағамбетов жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. Оған өлімінен соң Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
• 372-атқыштар дивизиясының 1236-атқыштар полкі 5-атқыштар ротосының бөлімше командирі Қойбағаров ұрыста неміс траншеяларына бірінші болып кіріп, ержүректілік көрсетті.
• 48-атқыштар дивизиясының Дүйсенбай Шыныбеков соғыста мергендігімен көзге түсті.
• 314-дивизияның мергендер қозғалысын Солтүстік Қазақстан облысындағы Степан Разин атындағы ауылшаруашылық артелінің бұрынғы колхозшысы, қатардағы жауынгер Г.П. Зубков бастады.
• Ленинград қаласы үшін болған шайқастарда артеллериялық бақылау аэростаттарының дивизион командирі С. Жылқышев та ерекше көзге түсті.
Ленинград шайқасы кезінде 3 млн халықтан 560 мыңы ғана қалды. 1941-42 жылдар аралығында 641 803 адам аштан қырылды. Қала қоршауы 1943 жылы 18 қаңтарда бұзылды. Ал толықтай 1944 жылы 27 қаңтарда азат етілді.
Т. Раушанұлы