- Негізгі бет
- Әлемтану
- Болашақта қала ғимараты...
Болашақта қала ғимараты орманға айналады
Стефано Боери – заманауи сәулет өнеріндегі ең танымал сәулетшілердің бірі. Жақында оның командасы бүкіл Италия бойынша салынатын 1500 уақытша павильонның бірегей дизайнын жасады.
Оның идеясы бойынша қала ғимараттары жасыл желекпен көмкеріледі. Стефано Боери бала кезінен ағаштарды сүйіп өскен. Жасыл әлемге деген сүйіспеншілігі бала кезінде "Ағаштар арасындағы Барон" шығармасын оқығанда оянған. Романда кейіпкер бала ағаштар әлеміне көтеріліп, қайтпауға ант береді.
"Менің ойымша, ағаш та адамдар сияқты. Әрқайсысының өзіндік даму тарихы, өмір салты және өзіндік формасы бар", - дейді Стефано.
Балалық құмарлық сәулетшіні Il Bosco Verticale ("Тік ағаш") деп аталатын әйгілі ғимараттың дизайнын жасауға шабыттандырған. Ол осылай Милан қаласындағы ғимараттың қасбетін "тірі ағзаға" айналдыра алды.
Жоба 2 ғимаратты тұрғын үй кешенінен тұрады. Ғимараттың бірінің биіктігі 80 метр, ал екіншісі 112 метр. Оларға 20 мың ағаш, өсімдік пен бұта орнатылған.
Өсімдіктерді подьездерден тамашалай аласыз. Ал ағаштар ғимараттың бүйірінен жоғары қарай "жорғалап" өседі", - дейді дизайнер.
Боеридің есептеуінше, кешен тұрғындарының әрқайсысына 2 ағаш, 8 бұта және 40 гүлден үлес тиеді.
Мұндай бақша тәрізді құрылымды салудың басты мақсаты – эстетиканы дәріптеу.
Ал жасыл желектер пәтерлерге сән береді, кешен тұрғындарына рухани қуат береді.
Боери "ғимараттың әр түрлі қабатында 15 түрден тұратын жүздеген құс ұясы бар" дейді.
Сәулетші ғимараттар жыл сайын 30 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 19 тонна оттегі бөлетінін мақтанышпен айтады.
"Біздің қалада және оның айналасында жасыл желектерді көбейту – бұл климаттың өзгеруіне жол бермейтін ең жақсы шаралардың бірі. Тік биологиялық көріністер – бұл жасыл желекті көбейтудің бір әдісі", - дейді сәулетші.
Үлгі алуға тұрарлық қала
2018 жылы қыркүйекте вертикальды орман әлемдегі ең жақсы ғимараттарға берілетін RIBA халықаралық сыйлығының финалына жетіп, үздік төрттікке енді. Боери жобаның нақты жетістігі оның бірегейлігінде екенін айтады.
Стефано одан да үлкен жобаларды жүсеге асырғысы келеді. Оның компаниясы Еуропаның бірқатар қалаларында жаңа тік ормандар салу жоспарын жариялады. Боеридің ерекше жобалары Италияның Тревисо қаласында, Швейцарияның Лозаннасында және Нидерландының Утрехт қаласында жүзеге асырылып жатыр.
"Қытайдың Лиужу қаласында Орман қаласын салу жоспарда бар", - дейді сәулетші. Forest City 139 гектардан астам аумақта орналасқан, оған ағаштар салынған тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер мен кеңселер кіреді екен.
Боери Египет пен Мексикада да осындай қалалар салуға тапсырыс болғанын айтады.
Онда қандай ағаштар мен бұталар өсетінін анықтау үшін әр жерді егжей-тегжейлі зерттеу керек (ылғалдылық деңгейі, жел және күн сәулесінің түсуі).
Мысалы, Миландағы орманды ғимарат ашылғанға дейін Боери екі жыл бойы әр түрлі өсімдіктерді бақылап, олардың төзімділігін жобада қолданған.
Т. Раушанұлы