- Негізгі бет
- Әлемтану
- Болашақта жойылып кететін...
Болашақта жойылып кететін әлем елдерінің 5 ұлттық дәстүрі
Қазіргі қоғамның дамуы ғасырлар бойғы жалғасып келе жатқан кейбір дәстүрлерге қауіп төндіріп жатыр. ХХІ ғасырдағы технология мен ақпараттың жарық жылдамдығындай дамуы әлем халқының ата-бабасынан жалғасып келе жатқан кейбір кәсібін керексіз етті. Назарыңызға болашақта жойылып кететін әлем елдерінің 5 ұлттық дәстүрін ұсынамыз.
Балық аулау, Шри-Ланка
Шри-Ланкада балықшылар арнайы биік бағанға шығып алып, балық аулауды әдетке айналдырған. Жергілікті тұрғындар балық аулаудың бұл түрімен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шұғылдана бастады. Содан кейін Шри-Ланкалықтар балық аулау үшін ұшақтар мен кемелердің сынықтарын биік баған ретінде пайдаланды. Өкінішке орай, 2004 жылғы цунами жағалау сызығын өзгертті, енді бұл дәстүр жойылып барады. Оның үстіне кейінгі ұрпақ бұлай балық аулау түрін қолайсыз деп есептейді.
Көлеңкелер ойыны, Қытай
Жүздеген жыл бойы Қытайдағы көлеңкелер ойыны елдегі мерекелер кезінде ойын-сауықтың негізгі түрі болған. Бұл түрлі-түсті ежелгі дәстүр музыканың сүйемелденуімен өте әсерлі көрінеді. Әдетте қойылымға қуыршақтарды экранның арғы жағынан басқаратын шамамен жеті актер қатысады. Қытайлық сарапшылардың пікірінше, көлеңкелі пьесалар қойылымы жақын арада жойылып кетеді. Оған себеп, заманауи өмір салты, индустрияландыру, урбанизация және заманауи мәдениеттің ықпалы.
Тоқыма өнеркәсібі, Лаос
Луанг Прабанг Лаостағы тоқыма өнеркәсібінің орталығы саналады. Дәстүрлі тоқымашылар, Кату тайпасының мүшелері сияқты, әлі күнге дейін ата-бабалары жүздеген жыл бұрын қолданған тәсілдерді қолдана отырып, кілем тоқиды. Кейінгі жылдары бұл кедейленген азиялық елде туризм индустриясы қарқынды дамып келеді. 2012 жылы Лаос 3,3 миллионнан астам шетелдік туристерді қабылдады. Олардың басым бөлігі Қытай мен Таиландтан келген қонақтар. Шетелдік қонақтардың едәуір өсуі туризм индустриясына тиімді болғанымен, тоқыма өнеркәсібіне кері әсер етті. Туристер ағынының артуы Лаостың тоқыма өнімдеріне сұраныстың артуына себеп болды. Сұраныстың кенеттен өсуін қамтамасыз ету үшін саудагерлер жалған лао тоқыма өнімдерін сатып жатыр.
Шыны үрлегіштер, Румыния
Классикалық, қолмен жасалған румын әйнегіне сұраныс өте жоғары. Бірақ ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі кәсіп жақын арада жойылып кетуі мүмкін. Соған қарамастан жаңа ұрпақ өз өмірін осындай ретро кәсіппен байланыстыруға тырысады. Қазіргі уақытта ел үкіметі дәстүрлі қолөнерге қолдау көрсетіп жатыр.
Ама-дайвинг, Жапония
Ама-дайвинг – ежелгі жапон дәстүрі. Дәстүр бойынша дайвингші ешқандай тыныс алу құралын қолданбай балық пен басқа теңіз жануарларын аулайды. Ама-дайвинг осынысымен де қауіпті. Оның үстіне, дәстүр дайвингші тек әйел адам болуын талап етеді. Археологиялық деректер Жапонияда, әсіресе Шима түбегіндегі тұрғындар ежелгі дәуірден бастап ама-дайвингпен айналысқанын көрсетеді. Қазір бұл кәсіп жоғалып барады, өйткені экономикалық өрлеу әйелдерге жақсы жұмыс табуға мүмкіндік берді.
Т. Раушанұлы