Адамзат ұрпағының арасында биік мансап пен атақты аңсаманы аз шығар. Сондай биік мансаптың шыңы бір елдің тізгінін ұстау яғни, хан немесе ханшайым болу. Кімге болса да ел алдында жүру, келелі кеңестің түйінін шешу сынды қызмет одан келетін атақ ұнайтын шығар. Бірақ көпшілік мұның артындағы жауапкершілік пен қаншама маңдай тер жатқандығын елестете бермейді.
Сырт көзге ұрып тұратын байлық пен билік өте керемет боп көрінгенімен оған иелік ететін адам мүлдем еркін емес. Оның әр басқан қадамы аңдулы, басқалар әрқашан сынайды. Бұдан бөлек бір мемлекетті басқаратын адам халықтың тағдырына байланысты небір қарарлар мен заңдарға қол қояды. Кейбіреулер сауатты саяси білімінің арқасында бұл істі жақсы атқарса, кейбір патшалардың қолынан ел басқару келмей жатады. Бір анығы, кез келген ел басшысы мұндай жауапты қызмет жүйкені жұқартатынын, жоғары депрессиялық қысым астында өтетінін айтады. Оның алдын алу, депрессиядан құтылу үшін кейбір патшалар өзіне ұнайтын істермен яғни сүйікті хоббиларымен айналысқан. Ал тарихта аты қалған кейбір патшалардың сүйікті істері оның қызметі мен атағына сай келмей ел мен мемлекет қызметкерлерінің наразылығына ұшыраған. Біз сондайлардың бірнешеуіне тоқталып өтпекпіз.
Эдуард II – арық қазу мен балық аулауды жақсы көрген
Плантагенеттер (француз тектес патшалық әулет) әулетінің өкілі 1303-1327 жылдарда Англияның патшасы болған. Бұл патшаны замандастары – ұзын бойлы, көрікті, жирен шашы желкесін жауып тұратын адам деп суреттеген. Ол сонымен бірге парламентте суырып салып сөйлейтін шешен адам да болған. Сол кездегі жоғары биліктегі барлық зиялы қауым өкілдері сынды ол да өнер мен ілім-білім және ғылымға қызығуы керек болатын. Бірақ Эдуард ІІ теориядан гөрі практиканы жақсы көрген. Ол спортпен айналысып, жер қазғанды және балық аулағанды жаны сүйген. Көпшілік оны саяси жұмыстармен айналысудың орнына қармағын иығына іліп, дихандармен бірге балық аулағанын жақтырмаған. Сонымен бірге, Эдуард ІІ ғимараттар құрылысын тамашалауды ұнатқан. Осы сияқты төменгі тап өкілдері айналысатын істерге патшаның қызығуы сарай маңындағылардың наразылығын тудырған. Барондар үнемі оның құқықтарын шектеуге тырысқан. 20 жылдық билік мансабында ол сот пен парламент қарсылығына ұшырап отырған. Соңында азаматтық соғыс кезінде жеңіп, әйелі мен ағылшын рыцары Роджер Мортимер тарапынан тақтан тайдырылғанға дейін мемлекетті қатаң басқарған.
II Әбділхамит – ағаштан түйін түйген
Османлы мемлекетінің 34-ші сұлтаны, Ислам халифатының 99-шы халифі – Құдіретті Османлы империясының соңғы ханы 1909 жылы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде тақтан тайдырылған.
Оның саясаты қарама-қайшылыққа толы болды. Билік басындағы елді реформалауға тырысты, соңғы жылдары парламентті таратып, консервативті көзқарастарға берік болды. Қызының естелігінде әкесінің түнде кітап оқығанды жақсы көретіндігі және ұйқысыздықтан зардап шеккені туралы айтылады.
Бірақ оның ең сүйікті ісі ағаш шеберлігі еді. Ағаштан түрлі бұйым жасау оған дем алуға, жүйкесін тыныштандыруға көмектескен. ІІ Әбділхамит отбасы пайдаланған жиһаздардың бір бөлігін өзі жасаған.
Бұдан бөлек сұлтан дедектив жанрының нағыз жанкүйері болған. Шерлок Холмстың шығармаларын түрік тіліне аударылмастан бұрын оқып тауысқан. Сарай хатшысы сұлтан үшін Шерлок шығармаларын арнайы аударып, кітап етіп шығарып берген. Сэр Артур Конан Дойл мен оның жұбайы Түркияға сапарлап келген кезде, сұлтан оларды арнайы күтіп алып, әдебиеттегі жетістіктері үшін “Меджидие” орденімен марапаттаған.
Норвегия королі Олав Трюггвасон пышақпен жонглерлік өнер көрсетуге қызыққан
Викингтер өте жауынгер халық болған. Қазіргі заманауи телесериалдарда көрсетілетіндей олар жиі басқыншылықпен айналыспаған болса да, викингтердің көптеген сүйікті ойыны нағыз соғысқа дайындықты пысықтайтын ойындар еді. Олар әсіресе жұдырықтасу мен сүзуді қатты жақсы көрген.
Жетістікке жететін патша болу үшін викингтерге толағай күш пен ептілік қажет еді. Викинг патшалары мен олардың спорттағы жетістіктері туралы аңыз көп. Ал Олав Трюггвасон туралы дастан тіпті әсерлі. Оның бірнеше “біртүрлі” сүйікті ісі болған. Мысалы, ол шебер альпинист болған. Скандинавиядағы Смальсархорн шыңына оңай шығып, өз қалқанын шыңға орнатқан. Тағы бір қабілеті теңізде ескек ескенде барлығын шаң қаптырған. Бірақ ең бастысы, Олав Трюггвасон үш пышақпен жонглерлік өнер көрсетудің нағыз шебері болған. Бір пышақ ауада айналып тұрған кезде, екі пышақтың сабынан екі қолымен оңай ұстатаған. Бұл өнері оған соғыс кезінде көп көмектескен.
Людовик XVI темір ұстасы болған
Людовик XVI (1774 — 1791) – бүгінде кеңінен айтылады: ол революция кезінде өлтірілген жалғыз француз монархы және Ұлыбританияға қарсы соғыста америкалық империалистерді қолдаған.
Жеке өмірде Людовик XVI өте жақсы адам болған. Ол ғылымға, әсіресе машина жасауға қызыққан. Өзі француз флотын жеке тексерген. Әйеліне ешқашан опасыздық жасамаған (Мария-Антуанетта). Кедейлердің жағдайына алаңдап, нан бағасын төмендетуге тырысқан.
Бірақ оның ең сүйікті ісі – темірден түрлі бұйым жасау болған. Ол әрбір адам қол еңбегімен аналысу керек деп есептеген. Әлбетте, оның айналасындағылар бұл іс патша айналысатын іс емес деп наразылық білдірген. Сондықтан Людовик XVI сүйікті ісін жасырын бөлмеде істеген. Бірақ кейіннен "кедейлер айналысатын" сүйікті ісі әшкере боп, түрлі газеттер оны масқаралап, келекеге айналдырған.
І Петр медицинаны сүйген
І Петр медицинаны айрықша жақсы көрген. Әсіресе стомотологияға қатты қызыққан. Бұл қызығушылығын Лейден университетінде оқып жүріп арттырған. Ол жерде І Петрге ота жасауды, жараныы жуу мен таңуды және тігуді үйреткен. Замандастарының айтуынша, император тісті емдеуге кірісіп кеткені сонша, бұл қабілетін қарапайым адамдарда да сынап көруге тырысқан.