- Негізгі бет
- Әлемтану
- Антарктида туралы қызықты...
Антарктида туралы қызықты 9 дерек
200 жыл бұрын ресейлік теңізшілер ашқан Антарктида әлі толық зерттелген жоқ. Жер бетіндегі ең төменгі температура, қаланың көлеміндей айсбергтер, мұзда қатып қалған ежелгі бактерияларды дәл осы құрлықтан таба аласыз. Назарыңызға Lifehacker жазған Антарктида туралы сіз білмейтін қызықты 9 деректі ұсынамыз.
1. Антарктидада метеорит кратері бар
Ол Уилкс-Эри аймағындағы мұз қабатының астында орналасқан. Мұнда 1958-1960 жылдары жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары кезінде ғалымдар гравитация аномалиясын байқаған. Содан кейін олар бұл ауытқулардың пайда болу аймағының диаметрі шамамен 240 километр болатын шар түрінде екенін анықтады.
Кейінірек зерттеушілер мұндай гравитациялық сәйкессіздік үлкен метеорит кратерлерінің жанында болатын жағдайға ұқсас деген қорытындыға келді. Қосымша зерттеулер кратердің диаметрі 480 километрге жететінін көрсетті.
Шамамен 250 миллион жыл бұрын бұл аймаққа диаметрі 50 шақырымдай метеорит құлаған деген болжам бар. Гипотеза бойынша, жарылыстан соң көкке көтерілген шаң ғасырлар бойы құрлыққа Күн сәулесін өткізбей, оның салқындауына алып келген. Салдарынан сол кездегі флора мен фаунаның көп бөлігі жойылып кеткен.
2. Белсенді жанартау бар
Бір қызығы, планетадағы ең белсенді жанартаулардың бірі Эребус әлемнің ең суық аймағында орналасқан. Оның биіктігі 3794 метрге жетеді. Зерттеуші Эрнест Шаклтон басқарған экспедиция 1908 жылы жанартау шыңын бағындырған. Содан кейін ғалымдар үш кратерді де зерттеді.
Шұңқырлардың ең үлкенінің диаметрі 805 метр және тереңдігі 274 метрге жеткен. Жанартаудағы бірнеше тесіктен лава, от және түтін шығып жатыр. Төменгі жағында әлі қатып үлгермеген лава көлі бар. Бұл өте сирек кездесетін оқиға.
Бірақ Эребус жалғыз жанартау емес. Жақында ғалымдар мұз астынан жасырылған жота тапты. Онда 91 жанартау бар.
3. Мұнда інжу бұлттарын көруге болады
Кейде Антарктиданың аспанын ерекше бұлттар жауып тұрады. Олар әртүрлі түстерімен ерекшеленеді. Оларды "інжу-маржан бұлты" деп атайды. Мұндай әсер бұлттардың жасыл және қызғылт түске боялған оптикалық құбылысынан туындайды.
Ерекше бұлттардың пайда болу шарттарының бірі – температураның - 78 градусқа дейін төмендеуі.
4. Антарктида құрлығы толықтай мұз емес
Бұл континент туралы ойлағанда, ойымызға қар мен мұздан тұратын шексіз шөл келеді.
Бірақ құрлықта "Мак-Мердо" құрғақ алқабы да бар. Бұл қарсыз кең аймақ, күн үнемі жарқырап тұратын жер. Жаңбыр мен қар миллиондаған жылдар бойы жаумаған.
Мұнда температура сирек 0ºC дейін көтеріледі. Жазда ауа райы орташа -14º градус болады. Алқапқа сағатына 320 шақырым жылдамдықпен соғатын желдің салдарынан қар жаумайды. Жел ылғалдың булануын тудырады.
5. Антарктидада тек екі түрлі гүлді өсімдік бар
Құрлық бай флорасымен мақтана алмайды. Мұндағы гүлді өсімдіктердің ішінде тек колобантус кито мен антарктикалық өсімдігі бар. Бұл биіктігі 5 см және 20 см жететін шөптесін, мәңгі жасыл өсімдіктер. Және сонымен бірге мүктер, микроскопиялық саңырауқұлақтар, балдырлар да кездеседі.
Антарктидада өмір сүру үшін өсімдіктер континенттің қатал жағдайларына бейімделуі керек болды. Тыныс алу мен фотосинтезге қажетті ылғалды алу үшін оны бірден сіңіреді. Қатты желдің салдарынан су тез буланып кетеді.
6. Көл мұздың астында жасырылған
Антарктидадағы мұздықтардың астында барлығы 140 көл бар. Бірақ олардың ең танымалы – Ресейдің Антарктикалық станциясы – "Восток" атын алған көл. Бұл су асты әлеміндегі ең үлкен көл. Көлемі 230 х 50 шақырым. Көл қалыңдығы төрт шақырымға жуық мұз қабатының астында орналасқан. Кейінгі уақытқа дейін оған бару мүмкін болмады.
Көлдің ерекшелігі – миллиондаған жылдар бойы қоршаған ортадан оқшау болғандығы. Демек, ондағы микроорганизмдердің эволюциясы Жердегі процестерге тәуелсіз өтті. Ғалымдар бұл көлде тіршілік бар деп болжайды. Өйткені тіршілік үшін барлық қажетті факторлар бар. Востоктың тұщы суында оттегі бар және төменгі жағында салыстырмалы түрде температура +10 ° C градусқа дейін жылы.
7. Антарктидада мұз түрлі түсті келеді
Ол жасыл, көк және тіпті қызыл болуы мүмкін. Түс мұздату жағдайларына және қоспаның бар-жоғына байланысты. Жанартау маңындағы мұз күлге байланысты қап-қара. Өзен маңындағы мұз балшық қоспасынан сары немесе қоңыр түске боялған.
Планктондар мен бактериялар көп болған жерлерде мұз сары, қызыл немесе қызғылт түсті болуы мүмкін. Мысалы, қалыпты жағдайда қататын мұздың түсі көк болады.
8. Антарктидада "қанды" сарқырама бар
Оны 1911 жылы ғалым Томас Гриффит Тейлор ашқан. Зерттеуші мұздықта сақталған теңіз балдырлары суға осындай түс береді деп болжаған. Алайда кейінгі уақытқа дейін бұл гипотеза расталған да, жоққа да шығарылған жоқ.
Фэрбенкстегі Аляска университетінің зерттеуінің көмегімен сарқыраманың құпиясы 2017 жылы ашылды. Қып-қызыл боп ағып жатқан су ұзақ уақыт бойы толығымен оқшауланған мұз астындағы көлден жарық пен оттегісіз су бетіне шыққаны анықталды. Химиялық реакция оған қою қызыл түс берген яғни суда еріген сульфаттар сульфиттерге айналады және топырақтағы үш валентті темір иондарымен тотығады.
Бір қызығы, судағы микроорганизмдер мұз астындағы қараңғы көлде және оттегі жоқ жерде сақталған. Демек өмірдің бұл формасы басқа планеталарда сақталуы мүмкін.
9. Антарктида ешбір мемлекеттің меншігінде емес
1961 жылы күшіне енген Антарктика шарты осылай дейді. Құжат ғылыми зерттеулердің еркіндігін қарастырады және халықаралық ынтымақтастықты қолдайды. Суық жер тәуелсіздігінің тағы бір артықшылығы – визасыз бару мүмкіндігі. Сізге тек төлқұжат пен жол жүру құжаттары қажет. Дегенмен, Антарктида туристер үшін тартымды аймақ емес. Бұл жерді зерттеуге батыл адамдар ғана келе алады.
Мысалы, "Восток" станциясында желтоқсаннан ақпанға дейін 30-35 ғалым болады. Қалған уақытта мұнда 12-13 адам тұрады. Станция 1957 жылы құрылған. Содан бері тұрғындар климаттың өзгеруін бақылап, мұз қабаттарын зерттеп, атмосферадағы магниттік және электр өрістерін өлшеп, басқа да зерттеулер жүргізіп келеді.
Т. Раушанұлы