- Негізгі бет
- Әлемтану
- Аммиак селитрасы тарихта...
Аммиак селитрасы тарихта бірнеше рет үлкен жарылысқа себеп болған
Ливан астанасы Бейрутта 4 тамызда аммиак селитрасы жарылып, 137 адам қаза тапты. Ауылшаруашылығында тыңайтқыш ретінде қолданылатын бұл химиялық зат өте күшті жарылғыш әсерге ие. Сондықтан оны сақтау мен пайдалану кезінде сақтық қажет. Бензин немесе керосинмен реакция кезінда қауіпті жарылғыш затқа айналатын аммиак селитрасы тарихта үлкен жарылыстарға себеп болған. Біз солардың бірнешеуіне тоқталып өтеміз.
©mir-znaniy.com
Оппау химиялық зауытындағы жарылыс
1921 жылы 21 қыркүйекте Баварияның Оппау маңындағы BASF химиялық зауытында жарылғыш заттар мен улы газ фосгенінің компоненттері өндірілетін жерде жарылыс болды.
Қайғылы оқиға аммиак сульфаты мен нитрат қорларын жою үшін жарылғыш заттарды қолдану нәтижесінде орын алған.
12000 тонна сульфат пен аммоний нитратының қоспасының жарылыс энергиясы 4-5 кНТТ-ға тең деп есептелді. Жарылыс болған жерге жақын орналасқан Франкенталь және Эдигхайм ауылдары қирады. Сондай-ақ, Оппаудағы 1000 ғимараттың 800-і қирап, 7500 адам баспанасыз қалды.
Жарылыс күшті болғандықтан, жақын маңдағы станцияларға қойылған пойыздар 70 шақырымдық радиуста қозғалып кетті. Людвигсхафен мен Мангеймдегі барлық ғимараттардың терезелері сынды, жарылыс дыбысы 300 шақырым жерде орналасқан Мюнхенде де естілді.
Жарылыстан бірнеше күн өткен соң, 90х125 метр және тереңдігі 20 метр кратерде өрт шықты. 561 адам қаза тауып, бір жарым мыңнан астам адам жарақат алды.
Бірнеше жыл өткен соң, Оппауда Германияның "Жарқын ойлары" жасаған атом бомбасы жарылды деген қауесеттер таралды. Оппаудағы апат А.Н Толстойдың "Инженер Гариннің гиперболоиды" романында да суреттелді.
©demorgen.be
Бельгияда жарылыс
1942 жылы 29 сәуірде Тессендерло қаласында болған жарылыс 189 адамның өмірін қиып, жүздеген адамды жарақаттады.
Таңғы сағат 11:20-да болған жарылыстан зауыт жанындағы мектептің көптеген оқушысы қаза тапты.
Куәгерлер Тессендерлодағы әр үйден кемінде бір адам қаза тапқанын айтады. Жарылыс салдарынан қайтыс болған 189 адамның барлығы жаппай қабірге жерленді.
Жарылыстан кейін қалада диаметрі 70 метр және тереңдігі 23 метр болатын кратер пайда болды. Көптеген адамдар қолынан не аяғынан айырылды.
"Produits Chimiques de Tessenderloo" химиялық зауытының жұмысшылары 200 тонна аммиак селитрасын динамитпен кесуге дайындалып жатқан кезде болған жарылыс бастапқыда Екінші дүниежүзілік соғыста тасталған бомбалардың бірі деп есептелген. Бірақ кейінірек оның адам қателігінен туындағаны белгілі болды.
Сол кезде зауыттың менеджері болған Нестор Севрин қайғылы жағдайдан қатты қайғырып 1943 жылы қаза тапты.
©galvnews.com
Тексас Ситидегі жарылыс
1947 жылы 16 сәуірде АҚШ-тың Тексас Сити портында француздарға тиесілі "Гранкан" (фр. Grandcamp) кемесі өртеніп, 2100 тоннаға жуық аммиак селитрасы жарылды. Бұл жақын маңдағы кемелер мен мұнай қоймаларындағы өрттер, жарылыстар түріндегі тізбекті реакцияға ұласты. Жарылыс кем дегенде 581 адамның өмірін қиды, 5000-нан астам адам жарақат алып, 1784 адам ауруханаға түсті. Алайда, қала және жүк кемелеріндегі өрттен қаза болғандар саны көбейді. Жалпы, осы қайғылы жағдайдың салдарынан бір жарым мыңнан астам адам қайтыс болып, бірнеше жүз адам жоғалып кетті. Порт пен қаланың едәуір бөлігі толығымен жойылды, көптеген кәсіпорындар қирады. 1100-ден астам автокөлік пен 362 жүк вагоны зақымданды. Мүлік шығыны 100 миллион долларға бағаланды.
©ecoindustry.ru
Франция
2001 жылы 21 қыркүйекте Францияның Тулуза қаласында AZF химиялық зауытында аммоний нитратының жарылуынан 31 адам қаза тапты.
Жарылыс салдарынан 8000 адам жарақат алды. Бастапқыда "террорлық шабуыл" деп есептелген оқиға 500 килограмм аммиак селитрасы хлорланған өніммен әрекеттескен кезде жарылған.
©ekd.me
2015 жылы Қытайдың Тяньцзинь қаласында қоймада болған жарылыс 173 адамның өмірін қиды
Қытайдың солтүстігіндегі Тяньцзинь қаласының жаңа Бинхай ауданында орналасқан портта 2015 жылғы 12 тамызда аммиак селитрасы жарылды.
Жергілікті уақыт бойынша 22:50-де қауіпті химикаттарды тасымалдайтын Тяньцзинь портында орналасқан Руйхай (қ. 瑞海 物流) компаниясының қоймаларында өрт болған. Кейінірек тергеушілер анықтағандай, бұл жаздағы күннің ысуынан қатты қызған құрғақ нитроцеллюлоза бар ыдыстың өздігінен жануынан туындаған, содан кейін аммиак селитрасы және басқа химиялық заттармен көрші контейнерлер жарылды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өрттің таралуына жол бермеді.
Кешкі сағат 11:30 шамасында, 30 секундтың ішінде екі қуатты жарылыс болды. Жергілікті сейсмологиялық қызмет алғашқы жарылыстың қуатын 3 тонна ТНТ эквивалентіне, екіншісін 21 тонна деңгейінде бағалады. Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 2,3 және 2,9 болатын жер асты дүмпуі тіркелді.
Жарылыстан 173 адам қаза тапты, оның 92-сі өрт сөндіруші.
Террорлық әрекеттер
Аммоний нитраты 2003 жылы Ыстамбұлдағы шабуылдарда да қолданылған.
2003 жылдың 20 қарашасында HSBC Банкіне (Hong Kong and Shanghai Banking Corporation) жасалған шабуылдарда қолданылды. Аммоний нитратымен толтырылған жүк көлігі төрт түрлі жерде жарылып, 59 адам қаза тауып, 400 адам жараланды.
Т. Раушанұлы