- Негізгі бет
- Әлемтану
- Америкалықтар үйін неге...
Америкалықтар үйін неге қоршамайды?
Голливуд фильмдерін көріп отырып талай аңғарған боларсыз. Америкалықтар үйін қоршай бермейді. Бәрі біркелкі, бар айналасы ашық болып келеді. Қоршауы бар үйлер сирек.
"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" демекші, біздегі және АҚШ тұрғындарының менталитеті мен түсінігі екі басқа. Ұқсастық та бар, айырмашылық та жетерлік. Қоршау қоймау да менталитетке қатысты.
АҚШ-ғы қалалар да белгілі бір аудандардан құралады. Үйді салушылар алдымен кімдерге сататынын, кімдер алатыны жайлы зерттеу жүргізеді. Біреуге ол үйлердің бағасы қолжетімді болса, енді біреулер үшін қымбат болары анық.
Әр ауданның үйге қатысты жеке ережелері бар. Жаңа үйге қоныс аударып келгенде арнайы құжаттарға қол қоясың. Онда үйің қандай болуы керек жайлы ережелер болады. Тіпті кей жерлерде есік алдындағы жасыл желектің биіктігіне дейін арнайы талаптар қойылады.
Аудандағы шектеу ережелерін жалпы жиналыста тұрғындардың өзі бекітеді. Сол кезде қоршау орнатылмайтыны, орнатылса қанша сантиметрден аспайтыны, үйдің түсі, қай бетіне кондиционер орнату керек деген секілді мәселелер айтылады. Мұның барлығы ауданның әсем болуы және үй бағасының құлдырамауына әсер етеді.
Сондай-ақ коммуналдық қызметтің де өз талаптары болады. Олар үй иелерін мазаламай есептеуіш құралдарды тексеріп кетуі керек. Одан өзге қоршау полицей, өрт сөндіруші және дәрігерлер оңай үйге кіре алу қажет.
АҚШ-та үйлері қоршалған аудандар да бар. Оның барлығы сол аудандағы жылжымайтын мүлік бағасы мен өмір сүретін адамдарға байланысты. Одан өзге үйдің арты ғана қоршалған аудандар да бар. Онда отбасылық мерекелер мен жеке шаруаларын атқарады.
Н. Үсенова