Біріккен Араб Әмірлігі ХҒС-ға ұшатын кезекті 2 ғарышкердің есімін жариялады. 4 мың үміткердің ішінен таңдалған астронавтың бірі – әйел. Ол ғарышқа ұшатын алғашқы араб әйелі болады.
БАӘ премьер-министрі Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум таңдалған болашақ ғарышкерлер – Нура Әл-Матруши мен Мұхаммед Әл-Маля жақын арада НАСА-ның астронавттарды даярлау бағдарламасына қосылатынын айтты.
Кейінгі уақытта БАӘ ғарышты игеруге көп көңіл бөліп жатыр. Соның арқасында биылдан бастап Марс планетасын зерттеуді бастады.
9 ақпанда БАӘ-нің "Аль-Амал" ("Үміт") автоматты планетааралық станциясы шамамен 500 миллион қашықтықты басып өтіп, Қызыл планета орбитасына жетті. Марстың эллиптикалық орбитасында орналасқан бұл құрылғы климат пен планета атмосферасының төменгі қабаттарын зерттейді. Ол үш камерамен жабдықталған.
БАӘ планетааралық станциясы Марс орбитасына шықты. Осылайша БАӘ ғарыш кемесі Марсқа жеткен әлемдегі бесінші мемлекет атанды.
"Амал" зонды алғаш рет Марс атмосферасының толық бейнесін ұсынады. Ол Марстың климатын анықтайтын факторларды белгілеу үшін қолданылады. Миссия шамамен екі жылға созылады.
Айта кетейік, 2019 жылдың 25 қыркүйегінде БАӘ-нің алғашқы астронавты Хазза әл-Мансури Байқоңыр космодромынан "Союз-FG" зымыранымен ғарышқа ұшты. Онымен бірге ресейлік Олег Скрипочка мен америкалық Джессика Мур болды.
Халықаралық ғарыш станциясында 8 күн болғаннан кейін, аль-Мансури 3 қазан күні "Союз МС-12" ғарыш кемесімен Жерге ресейлік Алексей Овчин және америкалық Ник Хейгпен бірге оралды. Аль-Мансури – ғарышқа ұшқан алғашқы БАӘ астронавты және ХҒС-да болған алғашқы араб атанды.