- Негізгі бет
- Әлемтану
- Әлемнің ең көне...
Әлемнің ең көне мейрамханалары
Егер сіз «Мен дәмді тағамдарды жегенді ұнатпаймын!» деуші әпендіні танитын болсаңыз, онда оның өтірік айтып немесе жай ғана жәдігөйленіп тұрғаны айдан-анық. Өйткені дәмі тіл үйірер, көрінісі көз тартар, ерекше тағамдарды кімнің болсын сілекейін шұбырып, армансыз жеп алғысы кеп тұратыны ақиқат. Осы орайда бүгін Әлемтану айдары әлемнің ең дәмді тағамдарын дайындайтын ең көне мейрамханалары туралы қызықты деректермен бөліспек. Бірнеше ғасырдың куәгері болған мұндай мейрамханалар бүгінде саусақпен санарлықтай ғана.
Le Procope мейрамханасы, Париж қаласы
Бұл гастрономиялық мекеме 1686 жылы Париж қаласында ашылған болатын. Оның тарихы өте қызық! Білесіздер ме, аталған мейрамханаға жүз жылға уақыт әйел затына кіруге тыйым салынып келген. Мұнда атағы жер жарған бүлікшілер мен зияткерлер жиналатын болған. Дәл осы ғимаратта атақты Вольтердің өзі бір күнде 40 шыныаяқ кофе ішкен екен. Ал жас лейтенант Бонапарт бір кездері осында кепілдікке өз қалпағын тастаған көрінеді.
Sobrino de Botin мейрамханасы, Мадрид қаласы
Атақты мадридтік таверна Sobrino de Botin 1725 жылы бой көтерді. Дәл осы кезеңде мұнда әлі күнге дейін пайдаланылып келе жатқан алып тас пеш салынған болатын. XVIII ғасырдың 60 жылдарында осында ұлы суретші Франсиско Гойя даяшы болып жұмыс істеген. XX ғасырдың орта тұсында осында қонақта Эрнест Хемингуэй болған. Ол өзінің «Күн де туады» атты романында осы мейрамхананың есімін мәңгі өлместей етіп жазып кетті.
Restaurant Café Landtmann, Вена қаласы
Вендік мейрамхана өзінің ең алғашқы келушілерін 1873 жылы қабылдады. Сол мезеттен бері мейрамхана әлі өзгермеген: жарқыраған хрусталь мен мыс...қошқыл ағаш...салтанатты шымылдық... XIX ғасырдан бері ғимарат талғампаз тобыр мен шығармашылық пен саясаттың беделді тұлғаларын өзіне қонақ етуден шаршаған емес.
Rules мейрамханасы, Лондон
Британдықтардың астанасында орналасқан бұл көне мейрамхана 1798 жылы тұрғызылған Бір кездері осы ғимаратта VII Эдуард пен Виктория ханшайымның ұлына арналып ас берілетін болған. Атақты Чарльз Диккенс пен барлаушы Грэм Гриннің тамақтанатын орындары әлі күнге дейін туристердің назарын аударып келеді.
Hostaria dellOrso мейрамханасы, Рим
Италияның астанасындағы ең көрікті мекемелердің бірі - Hostaria dellOrso мейрамханасы сонау XIII ғасырда соғылған ғимаратта орналастырылған. Аңыздарға сүйенер болсақ, дәл осы ғимаратта Данте Алигьери, қатыгез Рим папасы Бонифаций, ұлы жазушы Франсуа Рабле және философ Мишель Монтень жиі тамақтанатын болған екен.
Fraunces Tavern тавернасы, Нью-Йорк
Бұл тавернаның ерекшелігі мынада: 1783 жылы желтоқсан айының төртінші жұлдызында генерал Джордж Вашингтон осы ғимараттың қабырғасында қанды соғыстың мәресіне жетіп, елдің тәуелсіздік алу мерекесінің құрметіне байланысты өзінің сарбаздарына арнап соңғы сөзін сөйлеген. Манхэттенде орналасқан мейрамхана тұрғындар үшін ең көне ғимарат ретінде бағалы және олар әлі күнге дейін ғимаратты көздерінің қарашығындай сақтап келеді. Мұнда 1775-1783 жылдардағы соғыстың құрметіне арналған мұражай салынған.