- Негізгі бет
- Әлемтану
- Әлемдегі қорқынышты түрмелер...
Әлемдегі қорқынышты түрмелер
Қазақта "ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде" деген сөз ХХ ғасырдың ортасына келіп шыққан болуы керек. Оған дейін, яғни ХХ ғасырға дейін қазақ хандығында, қазақ жұртында "түрме" деп аталатын қорқынышты орын болған емес. Себебі қазақтар құл ұстамады, кез келген жаулап алып, тұтқынға түскен жауынгерді еліне қайтарды немесе өздеріне кірме етіп қосып алатын еді. ХХ ғасырдың басына келіп жаппай отырықшылана бастаған қазақ елінде ақырындап түрме де пайда бола бастады. Бірақ оған елдің сөзін сөйлеген топ бастаған шешен, ел бастаған көсем, мемлекет қайраткерлері, елдің бас көтерерлері алдымен жабылды немесе итжеккенге айдалды. Соған байланысты ел арасында "ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде" деп айтылған болуы керек. Бірақ бұл сөз түрме тек жігіттің серісі отыратын орын дегенді білдірмейді. Тарихқа үңілсек, түрме – ең қанқұйлы қылмыскерлер жазаланатын орын. Ол жердің өз заңы мен тәртібі болады. Сенің адамдық статусың, азаматтың пікірің – бір тиын. Ол жерде сен – қылмыскерсің! Болды.
Назарларыңызға әлемдегі қорқынышты түрмелерді ұсынамыз.
©freecity.lv
10. Ресей. "Владимирский централ"
"Владимирский централ" – Ресейдің ең ірі түрмелерінің бірі, ол туралы танымал ән де бар, фильм де түсірілген, бірнеше шығармалар жазылды. Мәскеуден 1600 шақырым қашықтықта жатқан бұл мекеннің негізі 1783 жылы қаланған. 3 ғасырдың тарихына куә болған түрмеде көптеген саяси және қауіпті қылмыскерлер жазасын өтеген. Бұл темір торға түскен қылмыскерлердің орташа жазасын өтеу мерзімі – 10 жыл. Аталған түрмедегі тәртіптің қаталдығы сонша жазасын өтеушілерге түрлі азаптау тәсілдері қолданылған.
©jornalciencia.com
9. Венесуэла. "Ла Сабанета"
Венесуэланың Маракайбо қаласында орналасқан түрмеде 150 қылмыскерге бір ғана тәртіп сақшысы қарайды. Себебі 15 мың адамға арналған түрмеде 25 мың қылмыскер жазасын өтейді. Сондықтан орын жетіспейді, жемқорлық пен әлімжеттік табиғи нәрсе болып қалған. Бұл жерде ақшасы бар қылмыскерлер өздеріне жағдай жасап алып, ақшасы жоқтар аштықтан өмір сүруге мәжбүр. 1994 жылы түрмедегі жаппай тәртіпсіздік кезінде 108 адам қатігездікпен өлтірілген.
©airfreshener.club
8. АҚШ. "ADX Florence Supermax"
ADX түрмесі АҚШ-тағы атақты Алкатрас түрмесіндей қаталдығымен даңқ шығармаған болса да, әлемдегі ең қатал түрмелердің қатарында. Ол жердегі жағдай қарапайым. Қылмыскерлердің тамағы уақытында беріліп тұрады. Олар күніне 1-2 сағат радио да тыңдай алады. Тамақтанатын және жатар орын, әжетхана сынды бәрі бар. Тек түрмеде ең қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейді. Оларды қинайтын ең ауыр жаза – жалғыздық. Жазасын өтеушілер темір тор артында, 23 сағат бойы бір бөлмеде қамалып отырады. Бір де бір адамды көрмей, ешкіммен тілдеспей өмір сүру оларға қиын болатыны сонша, көпшілігі психикалық ауруға шалдығады, кейбірі өз-өздіне суицид жасайды.
©publy.ru
7. Франция. "La Sante"
La Sante түрмесінде дәрігер болып істеген Вероника Вассер түрме туралы жазылған күнделігін көпшілікке жариялап жібермегенде, бұл жердегі қатігездік туралы ешкім білмеуі де мүмкін еді. Жеті жылдық дәрігерлік мансабында Вероника адамның миына сыймайтын оқиғаларға куә болған. Мысалы, ол жердегі жазасын өтеушілерге шіріген көкөністер берілген. Тұтқындардың барлығы тері ауруына шалдыққан. Ғимаратта тышқандардың көп болғаны сонша қылмыскерлер киімдерін көздің қарашығындай қорғаған.
Аталған түрмедегі қылмыскерлер көбіне өз-өзіне қол жұмсап өлген. Кейбір жағдайларда өздерін өлтірудің жолын таба алмаған қылмыскерлер басын қабырғаға ұрып қайтыс болатын болған. Мысалы, 1999 жылы 1 жылдың ішінде 124 жазасын өтеуші о дүниеге аттанған. Салыстырып айтатын болсақ, одан недәуір үлкен Калифорния штатындағы барлық түрмелерде 160 мың тұтқын жазасын өтеп, 1999 жылы жалпы 24 адам ғана қайтыс болған.
©extremal.mirtesen.ru
6. Тайланд. "Bang Kwang Central Prison"
Тайландтағы "Банг Кванг" түрмесі де қылмыскерлерге қатігездігімен танымал. Ол жерде жазасын өтеушілерге күніне бір рет қана күрішті тағам беріледі. Тәртіп бұзған қылмыскерлерге бұл да берілмейді. Алғашқы 3 айда тұтқындар шынжырмен байлап қойылады. Кейін олар өздерін тәртіпті ұстаса ғана шынжырдан босатылады. Ал түрмедегі 10 пайыз қылмыскерлер өмір бойы шынжырдан босатылмайды екен.
Тайландта ақталу немесе сотталу процесі басқаша. Сен ақталғанға дейін қылмыскер болып саналасың. Сондықтан болар 3 мың адамға арналған Банг Кванг түрмесінде орташа 7 мың қылмыскер жазасын өтейді.
©news.tj
5. Туркия. "Diyarbakir"
Әлем бұл түрме туралы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап біле бастады. Түркияда күрттер бас көтеріп, әлімжеттік күшейген уақытта "Diyarbakir" түрмесіне негізінен осы ұлт өкілдері қамалған. Әлімжеттік әлімжеттікті тудырып, бұл жерде қылмыскерлерді адам құрлы көрмеген. Қинаудың түрлі жолын ойлап тауып, оларды итке талатқан, қайнаған суға салған. Көптеген жазасын өтеушілер түрмедегі азапты көтере алмай есі ауып қалатын болған. Тәртіп сақшылары темір тордағыларды ұйықтатпай да қинаған. Соның кесірінен 80-жылдары 300-ден артық адам қайтыс болса, 43 адам суицид жасаған.
Кейін түрме жабылған. 2009 жылы жергілікті үкімет қаңырап жатқан түрме ғимараттарын пайдаланып мектеп ашпақшы болған.
©backbreaker.net
4. Сирия. "Tadmor Prison"
Шөл ортасындағы Тадмор түрмесінде жазасын өтеушілерді азаптау күнделікті жұмыс саналған. Жоспардағыдан анағұрлым көп қылмыскер қамалған түрмеде жазасын өтеушілерді күнде, еш себепсіз таяқтап отыру әдетке айналған. Түрмедегілер азапқа шыдамай бірнеше рет көтеріліс жасағанымен де жағдай өзгермеген. Керісінше тәртіп бұрынғыдан да қатал бола түскен.
Сондай көтерілістің бірінің соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. 1980 жылдың маусымында екі қылмыскер жанжалдасып, арты жаппай төбелеске жалғасқан. Тәртіп сақшылары төбелесті басу үшін барлық тұтқындарды аяусыз ұрып, соның нәтижесінде 800 адам қайтыс болған.
Тадмордағы азаптау халықаралық құқық қорғау ұйымдарының арқасында тоқтатылып, 2001 жылы аталған түрме жабылған.
©cultura.estadao.com.br
3. Бразилия. "Carandiru"
Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы "Карандиру" түрмесі 2002 жылы жабылған. Оған бірнеше жағдайлар себеп болған. Мысалы, бұл жерде қылмыскерлердің 20 пайызы СПИД-пен ауырған. Науқастарды бөлек жатқызатын бөлмелер де болмаған. Соның салдарынан аурулар саны артқан. Санитарлық жағдай тіпті де нашар.
3 мың адамның орнына 7 мың адам қамалған түрмеде 1992 жылы жаппай тәртіпсіздік кезінде, бір күннің ішінде 111 қылмыскер, ал түрме тарихында 10 мыңнан артық қылмыскер азаптауға шыдамай қайтыс болған.
©infomaniya.com
2. Руанда. "Gitarama Prison"
Гитарама түрмесіндегі азаптаулар туралы айтудың өзі артық. Тек 1000 қылмыскердің орнына 6793 тұтқын жазасын өтеп жатқандығы да ол жердегі жағдайды түсіндіріп бере алады. Орын жетіспеушілігінен темір тордағылар ауысып немесе тік тұрған күйі ұйықтауға мәжбүр.
Гитарамадағыларға медициналық көмек көрсетіле бермейді. Қоқысқа толып кеткен түрмедегі адамдар арасындағы өлімнің 80 пайызы түрлі аурулардан туындайды.
©cellcode.us
1. Солтүстік Корея. "Kwan Li So No"
Әлемнің жабық мемлекеті саналатын Солтүстік Кореядағы бұл түрме туралы мәліметтер өте аз. Ал солтүстік кореялықтардың үкіметі мұндай түрменің бар екенін ресми түрде растамаған.
Бұл түрмеге барған адамдар өмірінің соңына дейін осы жерде қалуға мәжбүр. "Kwan Li So No" нағыз барса келместің өзі. Кей жағдайда айыпталушылар жанұясымен бірге қамалады. Бір адамға күніне 170 грамм жүгері тамағы беріледі. Олар ешқашан етті тамақ жемейді. Аштықтың салдарынан жазасын өтеушілер түрлі жәндіктерді аулап жеп жан бағады. "Kwan Li So No" түрмесіндегілер мемлекеттегі ең ауыр жұмыс – шахтада жұмыс істейді. Келеңсіз оқиғалар өте көп болады және біреудің қайтыс болуы әдеттегі жағдай болып саналады.
Тәртіп сақшыларына жақсы жұмыс істемегенді қатаң түрде жазалауға рұхсат берілген. Түрмеде жасы 6-ға толған кез келген адамға күніне 15 сағат жұмыс істеткізіледі. Тіпі мүгедектердің де өз нормасы бар.
Ең қорқыныштысы жазасын өтеушілерді тәжірибелік шиікзат ретінде әскерилер пайдаланады. Оларды негізінен химиялық қаруларды сынап көру үшін жиі пайдаланып тұрады екен. Болжамдарға қарағанда, бұл жерде 200 мыңға жуық адам тұтқындалған, тіпті олардың барлығы өмір бойы бас бостандығынан айрылғандар.
Өткен ғасырда КХДР басқа демократиялық елдер сияқты өлім жазасын өз заңынан алып тастады. Бірақ бұл елдегі тұтқындарға өлу арман. Себебі өз-өзіне қол салған тұтқынның тірі қалған отбасы мүшелері адам төзгізіс азапқа салынады.
P.S. немесе парадокс
2011 жылы 22 тамызда бірнеше сағат ішінде 77 адамның өмірін қиған норвегиялық фундаменталист Андерс Брейвик (Фьотольф Хансен деген атпен танымал, Fjotolf Hansen) 21 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазірде ол Ила түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Тұтқын сыртқы әлеммен интернет арқылы байланысып отырады. БАҚ-ты әрқашан оқиды. Сапалы тағамдар жейді. Тіпті, ол бір рет таңертеңгі тамаққа аз қант әкелгені үшін үкіметті сотқа берген.
Т. Раушанұлы