Ғалымдар әлемдегі ең үлкен бактерияны тапты. Бұл туралы Science журналы жазды.
Thiomargarita magnifica деп аталатын түр Гваделупадағы мангр батпағындағы жапырақтан табылған. Ол жұқа ақ жіпке ұқсайды.
Әдетте, бактерия тек микроскоппен ғана көрінеді. Ал, жаңа табылған бактерияның ұзындығы 1 см, ол басқалардың көпшілігінен мыңдаған есе үлкен. Сондықтан жай көзбен көруге болады. Сырттай қарағанда, бұл бактерия адам кірпігінің көлеміндей ақ жіпке ұқсайды.
"Жаңа табылған бактерия басқалардан 5000 есе үлкен. Салыстырып айтатын болсақ қарапайым адамның Эверест тауындай биік адаммен кездескеніндей болар еді", - деді Калифорниядағы Лоуренс Беркли ұлттық зертханасының теңіз биологы Жан- Мари Волланд.
Оны алғаш рет 2009 жылы Гваделупадағы Француз Антиль университетінің ғалымы Оливье Гросс ашқан. Бірақ бұл олжа бастапқыда көп назар аударта қойған жоқ. Көлеміне байланысты Гросс сол кезде оны саңырауқұлақ деп ойлаған. Енді зерттеушілер бұл түрдің шын мәнінде бактерия екенін анықтады.