- Негізгі бет
- Әлемтану
- Әлемдегі ең қарт...
Әлемдегі ең қарт қазақ Тәнзилә Бейсембаева өмірден озды
Ресейдің Астарахань облысында тұрған этникалық қазақ Танзиля Бисембеева 123 жасында қайтыс болды.
Танзиля Бисембеева 1896 жылы 14 наурызда Каспийдің жағасында дүниеге келген. Ресейде тұрса да, өмірінің соңына дейін қазақ тілінде ғана сөйледі.
Красноярск ауданына қарасты Алча ауылы тұрғындарының біреуі де қалмай, Танзиля әжені соңғы сапарға шығарып салды.
“Ол соңғы үш ай бойы төсектен тұрмаған. 25 қазанда тыныш қана келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекенге аттанды. Оны Алча ауылының зиратына жерледі. Ол сол ауылда өмірбақи тұрды” дейді Байбек ауылдық кеңесінің басшысы Эльман Такиев.
XIX ғасырдың соңында дүниеге келген әжей Ресейдің рекордтар кітабына енген болатын. Онда Танзиля Бисембееваның Гиннестің рекордтар кітабына кірген адамнан 3 жасқа үлкен екені жазылған.
Танзиля әже Каспий теңізінің жағасында дүниеге келді. Өз өмірінде азаматтық төңкерісті де, екі дүниежүзілік соғысты да көрген. Бірінші некеден баласы жоқ. Жолдасы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Содан Танзиля Бисембеева 50 жасында екінші рет тұрмысқа шықты. Ал 53 жасында алғашқы сәбиін сүйді. Бір жылдан кейін тағы бір ұлы дүниеге келген. 57 жасында үшінші ұлын дүниеге әкелді. Өмірінің соңына дейін үйдің кенжесі – Шыңтастың қолында тұрды. Артында 10 немере, 25 шөбере және 2 шөпшек қалды.
Әжей 100 жасқа дейін бірде-бір рет дәрігерге көрінбеген. Осы мерейтойдан кейін көзі нашар көре бастайды. Содан дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келген.
Ресейде Танзиля Бейсембеева туралы бірнеше бағдарлама түсірілген. Сол кезде балалары анасының позитивті, мейірімді әрі еңбекқор адам екенін айтқан. Соның арқасында ұзақ өмір жасады. Генетикасы да мықты. Ал Танзиля әженің өзі апта сайын моншаға түсетінін және үйдің сүтін ішіп тұратынын жеткізген. Ол өмірінің соңына дейін тек қазақ тілінде ғана сөйледі.
Т. Раушанұлы