Әлемдегі ең биік сарқырама

Әлемдегі ең биік сарқырама
Фото: exogid.com

Әлемдегі ең биік Анхель сарқырамасы - Венесуэланың тропикалық ормандарында, Канайма ұлттық саябағынд аорналасқан. Қайталанбас табиғат кереметінің биіктігі - 1000 метрге жуық, ал судың үздіксіз түсу биіктігі - 800 метр.

Анхель өз бастауын Карраоның бір тармағы саналатын Чурун өзенінен алады. Судың құлау биіктігі сонша, жерге жеткенше, су ұсақ бөлшектерге бөлініп, тұманға айналады. Тұманды бірнеше шақырымнан сезуге болады. Жоғарыдан құлап түскен су Кереп өзеніне келіп құйылады.

Жергілікті тұрғындар арасында сарқыраманы «Kerepakupai-meru», яғни, «өте терең жер  сарқырамасы» деп атау қалыптасқан.

Ал әлем халықтарына кеңінен танымал болған «Анхель» атауы  - 1933 жылы  жоғарыдан ұшып өтіп бара жатып, сарқыраманы тұңғыш рет байқаған ұшқыш Эйнджел Джеймстің есімімен байланысты. 

1933 жылы алғаш рет байқап өткеннен кейін, ұшқыш Эйнджел Джеймс 4 жылдан кейін қазанның тоғызыншы жұлдызында өзінің кезекті сапары кезінде, ұшағын сол жерге қондырмақшы болады. Алайда, ұшқыштың бұл әрекеті сәтсіздікке ұшырап, дәл осы сарқырама маңында апатқа ұшырайды. Нәтижесінде тікұшақтағы Эйнджел мен әйелі және екі жолаушы 11 күн бойы өркениеттен тыс өмір сүреді. Қиын сәттерді бастан өткеріп, елдеріне аман-есен оралады. 

Эйнджелдің «Фламинго» ұшағы 33 жыл бойы тікұшақпен алып кеткенше, сол төбеде тұрады. Бүгінде ұшақ Маракай қаласының авиациалық мұражайында қайта қалпына келтіріліп, қаланың Сьюдад-Боливар әуежайының алдында тұр.

1949 жылы Ұлттық географиялық қоғамының ұйымдастыруымен (АҚШ) әлемдегі ең биік сарқырамаға экспедиция жасалып, нәтижесінде оның биіктігі анықталды.

B. ZHAQSYMBET