- Негізгі бет
- Әлемтану
- Александр Македонский өлімінің...
Александр Македонский өлімінің себебі анықталды
Ұлы Александрдың қайтыс болуына бұрын ойлағандай безгек, іш сүзегі немесе пневмония (өкпе қабынуы) емес, ұйқы безінің некрозы себеп болған. Мұндай тұжырымды Грекиядағы Аристотель университетінің ғалымдары жасады.
1995 жылы басталған зерттеу кезінде мамандар ежелгі тарихшылар суреттеген аурудың белгілері мен Македония патшасының соңғы күндерін мұқият талдаған.
Зерттеудің жетекшісі, медицина профессоры, доктор Томас Герасимидистің айтуынша, Александрдың өліміне асқазан безінің некрозынан туындаған ауыр сепсис себеп болған.
“Бұл ауру өт тас ауруы, сондай-ақ қолбасшының майлы тамақ пен алкогольге тәуелділігі салдарынан дамиды”, - дейді профессор.
“Симптомдары – майлы тамақты көп жегеннен кейін және шараптан соң іштің қатты ауыруы. Бұдан кейін дене қызуы көтеріліп, 14 күн ішінде науқастың жағдайы нашарлайды”, - деп көрсетілген зерттеуде.
Ежелгі грек тарихшыларының еңбектерін талдағаннан кейін профессор Герасимидис Ескендір Зұлқарнайынның өлімінің басқа нұсқаларын, соның ішінде безгек, пневмония, іш сүзегі және Батыс Ніл безгегін жоққа шығарды.
Александр Македонский (шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен танымал) – Аргеадтар әулетінен шыққан Македония патшасы, көрнекті қолбасшы, қайтыс болғаннан кейін ыдырап кеткен әлемдік державаның негізін қалаушы. 323 жылы 13 маусымда 33 жасында қайтыс болған.
Т. Раушанұлы