Ақша адамзаттың 3 мыңжылдан бері ажырамас бөлігі саналады. Оған дейін адамдар ақша орнына тауар айырбасын қолданды. Өзара алмасу кезінде тауарлар тауарларға немесе қызметтер қызметтерге ауыстырылатын. Бірақ мұндай айырбас кезінде қиындықтар да болды және өзара айырбасқа ұзақ уақыт кететін.
Мысалы, егер біреу аңшыдан бір балта үшін мамонтты аулап беруін сұраса, аңшы бір балтаға мамонтты айырбастау қаншалықты пайдалы деп ойланатын.
Кейінірек, ақша ойлап табылғанға дейін адамдар оңай сатылатын заттарды, мысалы, жануарлардың терісі, тұз және оқ-дәрілерді, орташа құндылық құралы ретінде қолданды.
"Жарақаттайтын" монеталар
Біздің заманымызға дейінгі 770 жылдары қытайлар қоладан дайындалған кішкентай қанжарды заттардың белгілі бір түрлерін және қару-жарақты айырбастау үшін қолданған. Бірақ адамдар қалтасынан кішкентай қанжар салып жүріп қолы мен денесін жиі жарақаттап алатын. Сондықтагн бұл айырбас түрі кең тарамады. Уақыт өте келе, мұндай қола заттар ыңғайлы дөңгелек пішінді монеталарға айналды.
Алғашқы монеталар Қытайда айналымға енгізілгенімен, алғашқы ресми тиын Лидияда (қазіргі Түркияның батысында) соғылды.
Крез тәрізді бай сөзінің шығу тарихы
Алғашқы монеталар қазба жұмыстары кезінде Лидия патшалығынан табылды. Біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылы Лидия патшасы Алиат алғашқы ресми монетаны айналымға енгізген. Бұл тиындар алтын мен күмістің қоспасынан жасалып, бетінде мификалық түрлі аң-құстардың суреті басылды.
Лидияның валютасы елдің ішкі және сыртқы саудасының артуына, сондай-ақ елдің Азиядағы ең бай империяға айналуына көмектесті. Алиаттың ұлы Крез кезінде мемлекет тіпті бай патшалыққа айналды. Кейін ел арасында "Крез сияқты бай" деген тіркес аста-төк мол байлыққа байланысты айтыла бастады.
Жалған ақша жасаушыларға өлім жазасы
Лидия валюта жағынан әлемде көшбасшы болған уақытта қытайлар монеталардың орнына қағаз ақшаны шығара бастады.
1271 жылы Марк Поло Қытайға саяхаты кезінде қағаз ақша айналымға енгенін және ол қағаз ақша бетінде "жалған ақша жасаушыларға өлім жазасы" деген сөз бар екенін жазады.
Ақшаға уәде беретін құжаттар
Ал, Еуропада монеталарды қолдану ХVІ ғасырға дейін қолданылды. Себебі, сол кездегі еуропалықтар түрлі аймақтардағы колониялардан қымбат металдардың көп мөлшерін таситын.
Уақыт өте келе Еуропадағы банктер салымшылар мен қарыз алушыларға арналған банкноттарды шығара бастады. Бұл банкноттар белгілі бір құны бар алтын және күміс монеталарға ауыстырылды.
Алғашқы қағаз валюталарын Солтүстік Америкамен отарлау қатынастарын реттеу үшін Еуропа мемлекеттері байыпты түрде ойластырды.
Себебі, Еуропадан отарларға апаратын жол ұзақ болды және жолда отаршылардың қаражаты жиі таусылып қалатын. Бұл жағдайда отарлаушылар айырбастау әдісін қолданудың орнына "IOU" (Мен сізге қарызбын) әдісін, яғни белгілі бір мөлшерде ақша төлеуге жазбаша уәде беру әдісін қолданды.
Мәселен, колонияларда қызмет ететін француз солдаттарына үкімет тарапынан белгілі бір мөлшерде ақшаға уәде беріліп, монеталардың орнына қол қойылған қағаздар таратылды.
Валюта нарығы және онымен байланысты соғыстар
Қағаз ақшалардың танымалдығы халықаралық сауданың әлеуетін арттырды. Екінші жағынан, банктер мен билеуші таптар әртүрлі елдердің валюталарын сатып ала бастады және олар алғашқы валюта нарығын құрды.
Мемлекеттің тұрақтылығы оның ақша-несие саясатымен де анықталады. Мемлекеттер арасындағы бәсекелестік валюталық соғыстарға да алып келді. Сонымен бірге бір-бірінің валютасын девальвациялауға және оның сатып алу қабілеттілігін төмендетуге күш салынды.
ХХ ғасырда ақша өмірі күрт өзгерді. Жалпы валюта нарығы құрылды, алтын-валюта стандарты қабылданды. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ соғыстан қалжыраған елдерге қарыз беріп, доллардың халықаралық беделін арттырды. Соның нәтижесінде доллар халықаралық валютаға айналды.
ХХІ ғасырда электронды төлемдер және криптовалюта өмірге келді. Қазір электронды ақша адамдардың ауыртпалығын жеңілдетуде. Виртуалды ақшаны пайдалану қағаз банкноттарды пайдаланғаннан гөрі ыңғайлы және қаражатты виртуалды түрде сақтау қауіпсіз.
Биткоин дегеніміз не немесе "сары алтын" туралы бірер сөз
Бүгінгі пандемия кезінде электронды төлемдер жасау вирус таратпау мен жұқтырмаудың бір жолы болып есептеледі.
2008 жылы әзірленген биткоин – ең танымал криптовалюта. Әзірге әлемдегі жалпы ақшаның 0,4 пайызы биткоиннен тұрады. 1 биткоин - 9400 доллар.