Forbes АҚШ-тағы жомарт миллиардерлердің рейтингін жариялады. Бұл басылым олардың өмір бойы қайырымдылық мақсатына қанша ақша жұмсағанын есептеп шығарған.
Тіркелген 25 миллиардер қайырымдылыққа жалпы 149 миллиард доллар бөлген, ал олардың жалпы байлығы 799 миллиард долларды құраған.
Уоррен Баффет рейтингте бірінші орын иеленді. Ол қайырымдылыққа осы уақытқа дейін 42,8 миллиард доллар жұмсаған және оның байлығы бүгінде 88,8 миллиард доллар. Баффет денсаулық пен кедейлікке қарсы күреске үнемі қаражат салып келеді.
Екінші орында Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда тұр. Олардың дәулеті 120,7 миллиард долларға бағаланған және ерлі-зайыпты осы уақытқа дейін 29,8 миллиард долларды қайырымдылыққа жұмсаған.
Қаржыгер Джордж Сорос рейтингте үшінші орын алды. Көзі тірісінде ол 16,8 миллиард долларды қайырымдылыққа жұмсаған. Ал оның байлығы 8,6 миллиард долларға бағаланған. Демократия мен сайлаушылардың құқығын қорғауға бағытталған оның ашық қоғам қорлары әлемнің 120 елінде жұмыс істейді.
Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг тізімде төртінші орын иеленген. Оның қаржысы 54,9 миллиард доллар, ал қайырымдылық шығындары 11,1 миллиард долларға бағаланған. Блумберг климаттың өзгеруіне және халықтың денсаулығына баса назар аударады.
Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостың бұрынғы әйелі Маккензи Скотт та осы жылы ең жомарт миллиардерлердің бірі атанды. Ол нәсілдік, гендерлік және экономикалық теңсіздікке қарсы күресетін ұйымдарға 5,83 миллиард доллардан астам қаражат салды. Алтыншы орында тұрған Скоттың байлығы 55,2 миллиард доллар.
Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг пен оның әйелі Присцилла Чан қайырымдылыққа ең көп ақша жұмсаған миллиардерлер тізімінде ондықты қорытындылаған. Олар жалпы сомасы 2,7 миллиард долларды қайырымдылыққа жұмсаған.