- Негізгі бет
- Әлемтану
- Ақ аю –...
Ақ аю – Арктиканың қожасы
27 ақпан – Халықаралық ақ аю күні. Аталмыш мереке туралы бастаманы ақ аюларды қорғаумен айналысатын халықаралық Polar Bears International (PBI) ұйымы көтерген болатын.
Бұл күннің мақсаты – ақ аюлар туралы ақпаратты бұқараға кеңінен насихаттап, оларды қорғауға қоғамның назарын аудару. Әсіресе, бұл мереке ақ аюлар мекендейтін Ресей, Норвегия, Гренландия, АҚШ және Канада елдері үшін өзекті.
Ақ аю Арктика мен Солтүстік мұзды мұхит территориясында тіршілік етеді. Осыдан 5 миллион жыл бұрын қоңыр аюдан бөлініп шыққан ақ аюлар бүгінде қақаған суыққа жақсы бейімделген. Біз білетін ақ аюдың ғылымдағы атауы – Ursus maritimus. Осы және өзге де қызықты деректерді жаза кетейік.
Ақ аю мекендейтін аймағы бойынша құрғақта жүретін ең ірі жыртқыш саналады. Әлемде жалды қолтырауыннан кейінгі (құрғақ жердегі) ірі жыртқыш. Сондықтан оны зерттеушілер Арктиканың қожасы деп те атайды.
Бұл жануарды кейде поляр аюы деп атаушылар да бар. Олар -45 градус және одан да төмен суыққа төзімді. Сыртқы жүні мен тері астындағы майы тоңып қалудан қорғайды.
Ақ аюдың жүні ақ болғанмен, терісі қара. Терісінің түсі де жылынуына оң әсерін тигізеді.
Ақ аюдың табанында да жүн болады. Бұл оның мұзда тайып кетпеуіне әрі тоңып қалмауына да әсерін тигізеді.
Ақ аю судан екі метр биіктікке дейін секіре алады. Бұл үдерісте аюға артқы екі аяғы тірек болады. Олар ит секілді жүзеді.
Еркектері 400-450 килоға дейін тартады. Ұрғашылары 200-300 кило болады. Ең кіші ақ аюлар Шпицбергенді мекендейді, ал ірілері Беринг теңізінде кездеседі. Әлемдегі ең үлкен ақ аюдың салмағы 1002 кг болған. Оның қаңқасы Аляска астанасы (АҚШ) Анкордждегі әуежайда сақталады. Бойы 3,4 метрді құраған алып аю қаңқасының көмегімен мүсін жасалып, әуежайдың орталық терминалына орнатылған.
Ақ аюлар су астында өте жақсы көреді. Олардың көзінде осы бір қабілетін жақсартатын арнайы жарғақша (мембрана) бар. Сондай-ақ бұл жарғақша көзін жел мен күн сәулесінен қорғайды.
Зерттеушілер анықтағандай, ақ аюлар солақай болып келеді. Оң табанынан сол жағы әлдеқайда икемді.
Н. Үсенова