Адамзаттың ғарышқа ұшқанына – 60 жыл

Адамзаттың ғарышқа ұшқанына – 60 жыл

Бүгін адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл толды. 1961 жылы 12 сәуірде бұрынғы Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагарин әлемде алғаш болып "Восток" ғарыш кемесімен Жер орбитасына ұшты. 108 минуттық ұшу адамзаттың ғарышты игеру тарихындағы жаңа дәуірді бастады.

КСРО ғарышкерлері Айға неге ұшпады?

Адамның ғарышқа алғаш ұшқан күні 12 сәуір бұрынғы Кеңес Одағында 1962 жылдан бастап "Ғарышкерлер" күні ретінде аталып өтетін. БҰҰ Бас ассамблеясының 2011 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына сәйкес 12 сәуір адамның ғарышқа ұшу күні Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні ретінде ресми түрде бекітілді.

Юрий Гагарин тарихи қадам алдында

Юрий Гагарин

Аға лейтенант Юрий Гагарин Жерді 302 шақырым биіктікте "Восток-1" ғарыш кемесімен сағатына шамамен 28 мың шақырым жылдамдықпен айналып өтті. Ол алғаш рет Жерді көргенде: "Мен Жер үстіндегі кішкентай бұйра бұлттарды көріп тұрмын. Өте әдемі. Жердің көкжиегін де көріп тұрмын. Өте әдемі ореол. Жер және түпсіз тұңғиық... Бұл ғажап!" деп айтқан екен.

Алғашқы ғарышқа ұшу бүкіл әлемде үлкен қызығушылық тудырды, ал Юрий Гагариннің өзі әлемге әйгілі болды. Шетелдік үкіметтер мен қоғамдық ұйымдардың шақыруымен ол 30-ға жуық елге сапарлады. Сондай-ақ алғашқы ғарышкер Кеңес Одағының ішінде көптеген сапарларға шықты. Одан кейінгі жылдары Гагарин көптеген қоғамдық және саяси жұмыстар атқарды, профессор Н.Е.Жуковский атындағы Әскери-әуе күштері инженерлік академиясын бітірді, ғарышкерлерді даярлау орталығында жұмыс істеді және Айға ұшуға дайындалды.

Гагарин ғарыштан оралғасын оған француздың атақты спорткарын сыйлады

Өкінішке қарай, 1968 жылы 27 наурызда Юрий Гагарин Владимир облысы, Киржачский ауданы, Новоселово ауылының маңында, тәжірибелі нұсқаушы В.С.Серегиннің басшылығымен Mиг-15УТИ ұшағында оқу-жаттығу рейсін орындай отырып, әуе апатында қайтыс болды. Әуе апатының себептері мен жағдайлары осы күнге дейін түсініксіз күйінде қалып отыр.

9 сәуірде Байқоңырдан ұшқан Ресейдің "Союз" ғарыш кемесінің аты адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орай "Гагарин 1961-2021" деп өзгертілді.

Адамға табын Жер енді

Адамның ғарышты игеруі адамзат тарихындағы айтулы оқиға болды. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Сол кезде аса танымал емес, небәрі 25 жастағы жас ақын Олжас Сүлейменов "Земля поклонись человеку" поэмасын жазды. 12 сәуір күні оның өлеңін Алматы аспанынан ұшақпен шашып таратты. Кейіннен осы поэмасы арқылы Олжас Сүлейменовтың Кеңес Одағындағы даңқты ақындық жолы басталды. Ақын ретінде Олжас Сүлейменов Юрий Гагаринмен бірнеше рет кездесті.

(поэмадан үзінді)

Люди!
Граждане всей вселенной!
Гости галактик!
Хозяева Шара!
Вы не хотите
пропасть бесследно?
Живите,
Живите,
Живите с жаром!
Живите, люди!
Живите, люди.
Вы совершили свой первый подвиг.
Преодолели земную тягость,
Чтобы потомки это запомнили —
Преодолейте земные тяжбы!
Реки, вспаивайте поля!
Города,
вставайте в заре!
Пусть, как сердце, летит Земля,
Перевитая жилами рек!
Мы найдем.
Мы должны найти
Все ответы на тот вопрос.
Путь земной —
Продолженье пути
До сегодняшних
Взятых звёзд.

Адамзат ғарышқа алғаш рет Қазақ жерінен ұшты

"Байқоңыр" ғарыш айлағының іргесі 1955 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында қаланды.

1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды. Қазақ жерінен дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігі (ЖЖС) орбитаға шықты.

Содан кейін арадан 6 жыл өтіп Гагарин "Восток" ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды.

Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, "Восток", "Восход", "Союз", "Прогресс" ғарыш кемелері тағы басқа көптеген Жердің жасанды серіктері көкке самғады.  Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары бар РТ-лар да Байқоңырдан аттандырылды.

Қазақтан шыққан ғарышкерлер

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 27 шілде 1946 жыл Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш. Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995).

1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіров "Союз Т-13" ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ол ХҒС-да 7 күн 22 сағат 13 минут болды.

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев — қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы (2008), авиация генерал-лейтенанты (2007). ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасы.

Ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Талғат Мұсабаев Гиннесс рекордтар кітабына енген.

1994 жылы ғарышқа 1-ші рет ұшқанда (Союз ТМ-19) 126 күнін ғарышта өткізген.

1998 жылы  ғарышқа 2-ші рет ұшқанда (Союз ТМ-27) 208 күнін ғарышта өткізген.

2001 жылы ғарышқа 3-ші рет ұшқанда (Союз ТМ-32) 8 күнін ғарышта өткізген.

Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы  Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Өтенай ауылында дүниеге келген. Қазақтың үшінші, тәуелсіз Қазақстан Республикасының бірінші ғарышкері, Халық қаһарманы.

Ол 2015 жылы 2 қыркүйек күні "Байқоңыр" ғарыш айлағынан таңғы сағат 10-нан 37 минут кеткенде "Союз ТМА-18 М" кемесімен екінші борт инженері ретінде көкке самғады. Айдынмен бірге ресейлік Сергей Волков және тұңғыш даниялық астронавт Андреас Могенсен боды.

Айдын Айымбетов ХҒС-да 9 күн 20 сағат, 13 минут 51 секунд болып, Жерге "Союз ТМА-16М" кемесінде оралды.

Алғашқы ғарыш туристі Байқоңырдан ұшқан

Әлемдегі алғашқы ғарыш туристі қазақ жерінен ұшты. Ол америкалық кәсіпкер Деннис Энтони Тито болатын. Бұл атаққа ие болу үшін мультимиллионердің аз қаржысы жұмсалған жоқ. Ол өзінің сапарына жиырма миллион доллар жұмсаған көрінеді. Тито Жер планетасын орбита бойымен 128 рет айналып өткен. Әрбір айналымның  бағасы 150 мың долларды құраған. Кәсіпкер жұмсалған ақша үшін бір сәт те өкінбегендігін айтады.

Тито өмір бойы ғарыш саласына қызығушылық танытып келген. Ғаршқа ұшу оның арманы болған. 2001 жылы сәуір айында алпыс жасқа шыққан шағында Қазақстан жеріндегі аты аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағынан көкке ұшып, өз арманын ақиқатқа айналдыра білді.

Деннис Тито бұл сапарға 8 ай бойы дайындалған. Саяхатшыға тек қана физикалық дайындықтар емес, автоматика істен шығып қалған жағдайда жүргізілетін шараларды меңгеріп, ғарыш кемесін басқару негіздерін үйренуге тура келді.

Бұл сапар тосын жағдайларға толы болды. Шарықтау барысында күтпеген жерден Титоның жүрегінде қиындықтар туып, оған қоса басын кеменің есігіне соғып алып, ауыр соққы алады. Екі жағдайда да алғашқы көмекті қазақтың батыры, белгілі ұшқыш Талғат Мұсабаев көрсеткен. Осының нәтижесінде Деннис Тито Талғат Мұсабаевқа "baby-nurse number 1" ("ғарыштың нөмірі бірінші күтушісі") деген атақ берді. Осы сынды шытырман оқиғаларға қарамастан, Тито өз сапарына кереметтей риза болып оралды.

Т. Раушанұлы