Әлемдік арендағы көшбасшы әуекомпаниялардың бірегейі - «Turkish Аirlines» компаниясы Қазақстандағы жұмысының ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жайында Ыстамбұлда қазақстандық журналистермен кездескен Түркия әуе тасымалына жауапты органдардың өкілдері мәлім етті. Түркия әуе компаниясының мамандары «Түркиядан Қазақстанға әуе тасымалы көбейер болса, бұл жолақы құнын төмендетіп, қызмет сапасын да өсірер еді» дейді.
«Turkish Аirlines» компаниясы Қазақстан нарығына 1992 жылы келген. Компанияның Азиядағы сату және маркетингтік жоспарлау директоры Мұрат Баштың айтуынша, Түркия Қазақстанға ұшатын маршруттардың санын көбейткісі келеді. «Бұған себеп – қазақстандықтар арасында Түркия әуе қызметіне деген сұраныстың артып отырғаны», – дейді Мұрат Баш.
Сондай-ақ ол: «Біз Қазақстанда рейстерді көбейткіміз келетінін айтып тиісті орындарға хат жаздық. Әзірге жауап күтіп отырмыз. Рұқсат берілсе, қуана-қуана маршурттардың санын арттырамыз. Біз үшін, әсіресе, Ақтау, Атырау бағытындағы рейстердің санын көбейту маңызды», - деп бір түйді.
Мұрат Баштың айтуынша, кейбір әуекомпаниялар жолаушылар саны көп болса да, билет құнын төмендетпейтін көрінеді, ал түркиялық әуекомпаниялар жолақы құнын түсіруге тырысып отырады. «Болашақта Түркия-Қазақстан әуе тасымалында жаңа бағыттар пайда болатын болса, билет құнын тағы да түсіруге мүмкіндік туады», – дейді түркиялық маман.
Айта кету керек, «Turkish Аirlines» компаниясы жолаушыларға сапалы қызмет түрлерін ұсынуға тырысады. Мысалы, жуырда әуекомпанияның бас аспаздары қазақстандық жолаушыларға да тіл үйірер дәмді тағамдар ұсынады.
Борттың бас аспазы Батухан Ергинбаш: «Барлық ұлттың өзіндік ерекшеліктері болады. Сол тәрізді қазақстандық жолаушылардың да талғамы жоғары. Олар да біз тәрізді шәй ішкенді, еттен даярланған тағамдарды ұнатады. Қазақтар кең пейілді. Олар менің аса құрметтейтін жолаушыларым. Сондықтан, маған Қазақстанға ұшқан ұнайды», - деп ағынан жарылды.
Жолаушылардың бір жерден екінші жерге аман-есен ұшып жетуі ең алдымен ұшқышқа байланысты. Компанияда ұшқыштар екі жыл дайындықтан өтіп, заманауи технологиялармен жабдықталған арнайы кабиналарда жаттығады.
Тек ұшқыштар ғана емес, барлық борт экипаждары, соның ішінде стюардессалар да арнайы дәріс алып, тәжірибеден өтеді. Бұл жолғы сапарда түріктің алпауыт әуе компаниясында жұмыс істеп жүрген қазақ қызын көріп таңғалдық.
Зульфия ұсынған ыстық шайдың арқасында емен-жарқын әңгімелестік. Зульфия Бақытқызы: «Бұл менің бала кезімдегі арманым еді. Құрбы-құрдастарым: "Аспан әлемінде үлкен жылдамдықпен ұшып келе жатып жолаушыларға қызмет көрсету қиынға соқпай ма?", – деп жиі сұрайды. Оларға беретін менің жауабым жалғыз: "Маған өз жұмысым өте ұнайды. Кейді тіпті, қызығына батып, шаршағанымды да білмей қаламын. Бұл жұмысқа қол жеткізуіме ана тілімен қатар бірнеше тілде еркін сөйлей алатыным көмектесті», - дейді.
«Turkish Airlines» әуекомпаниясы әр жолаушысына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жоғарғы дәрежелі қызмет көрсетуді өз міндетіне айналдырған. Егер жолаушы Ыстамбұлға тоқтап, келесі рейсті ұзақ күтетін болса, физикалық және моральдық тұрғыдан шаршауы мүмкін. Бұндай жағдайда компаниясы жолаушыға шағын саяхат ұйымдастырып береді. Ыстамбұлдың тарихи жерлерін тамашалауға, мұражай, транспорт, азыққа «Turkish Airlines» ақша бөледі.
Жалпы, Түркияның бұл әуекомпаниясы 1933 жылы құрылған. Ол 110 елде 275-ке жуық бағытта қызмет көрсетеді. Еуропалық мамандардың таңдауымен компания бес жыл қатарынан «әуедегі қызметі үшін ең үздік» деп танылған. Биыл да 2015 Skytrax жолаушы сауалнамаларының қорытындысы бойынша әуекомпания «Еуропаның үздік әуекомпаниясы», «Әлемнің үздік бизнес класс жолаушы залы», «Үздік бизнес класс жолаушы залы тағамы» және «Оңтүстік Еуропаның үздік әуекомпаниясы» сыйлықтарына лайықты деп табылды.