Әлемдегі миллиардерлер саны 2018 жылдың басынан бері 55-ке қысқарып, қазір 2153 қалталы кәсіпкер қалды. Бұл туралы АҚШ-тың Forbes басылымы мәлімдеді.
Forbes-тің хабарлауынша, миллиардерлер саны Азия аймағында, әсіресе Қытайда қатты қысқарған. 2019 жылдың басынан бері ҚХР-дағы миллардерлер саны 49-ға азайған. Ал керісінше бизнес әлемінде пайда көріп, байлардың қатарына қосылғандар да бар. Бұл жағынан АҚШ пен Бразилия кәсіпкерлері алда.
Forbes-тің мәлімдеуінше, қазір АҚШ-та 609 миллиардер бар, оның 14-і ең бай адамдар жиырмалығына кіретін бизнесмендер. Барлық миллиардерлердің жалпы байлығы 8,7 трлн долларға бағаланған. Бұл көрсеткіш 2018 жылдағыдан 400 млрд-қа аз. Биыл 994 кәсіпкердің бизнесі кері кеткен.
Өткен жылғы көш басындағы үштік өзгеріссіз қалды: Amazon компаниясының басшысы Джефф Безос 131 млрд доллармен көш бастап келеді. Оның артынан Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс (96,5 млрд доллар) пен инвестор Уоррен Баффет (82,5 млрд доллар) келе жатыр. 4-орынды өткен жылдағыдай Louis Vuitton Moet Hennessy компаниясының басшысы Бернар Арно (76 млрд доллар) иеленген. Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг (62,3 млрд доллар) болса былтырғы дау-дамайдан кейін 5-орыннан, 8-орынға түсіп қалған.
Forbes әлемдегі ең бай әйел деп L'Oreal компаниясының мұрагері Франсуаза Бетанкур Майерсті атады. Оның байлығы 49,3 млрд доллар, жалпы рейтингте 15-орында тұр. Оның артынан Walmart корпорациясы негізін салушысының қызы Элис Уолтон (45,3 млрд доллар) және америкалық "Марс" Incorporated кондитерлік фирмасының негізін қалаушы Франклин Марстың немересі Жаклин Марс (23,9 млрд доллар) келе жатыр.
21 жастағы америкалық модель және кәсіпкер Кайли Дженнер ең жас миллиардер атанды. Оның байлығы 1 млрд доллар. Жалпы рейтингте 2057 орында.