Adidas және Puma: Ағайындылар құрған қос бренд

Adidas және Puma: Ағайындылар құрған қос бренд
Фото: championat.com

Adidas және Puma – спорттық киімдер мен тауарлар, парфюмерлік өнімдерді шығаратын танымал брендтер. Әлемге белгілі қос компанияны ағайынды Дасслерлер құрған. 

Өндірістің басталуы
1898 жылы Херцогенаурах қаласында Дасслерлер отбасында үшінші бала – Рудольф, екі жылдан соң – Адольф дүниеге келді. Олар ер жеткенше киім жуушы болып жұмыс істеген аналарына көмектесті. Ал өскен соң әкелері жұмыс істейтін аяқ-киім зауытында қызмет етеді.

Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде майданға үйдің үлкен балаларын шақыртады. Адольф жасы жетпегендіктен соғысқа аттанбайды. Ал Рудольф Бельгияға барады. Адольф соғыстың соңғы кезеңіне дейін наубайханада жұмыс істейді. Алайда соғыстың аяғында майданға шақырылып, 1919 жылы қайта оралды. Отанға оралған соң Адольф әкесімен бірігіп аяқ-киім өндірісін бастайды.

Соғыстан кейін Германия үлкен дағдарысты басынан өткерді. Сондықтан сапалы, қымбат өнім жасаудың еш мәні болмады. Адольф өз зауытында жоюға жіберілген әскери киімдер мен көлік дөңгелегінен аяқ-киім дайындады.

Рудольф Мюнхенге аттанып, полицей курсын аяқтайды. Бірақ мамандығы бойынша аз уақыт жұмыс істеп, бірнеше компанияда сату маманы қызметін атқарады. 1924 жылы інісінің шақыруымен спортшыларға арналған аяқ-киім тігу ісімен шұғылдана бастайды. Рудольф өнімнің сатылуына, Адоль әкесімен бірге толығымен өндіріс барысына жауап берді.

Алғашқы жеңіс
"Ағайынды Дасслерлер" компаниясының өнімі жылдам таралды. Мұның себебі – Адольф ойлап тапқан бұдыр табанды аяқ-киім. Ол спортшылар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бұдыр табан кроссовканың төзімділін қамтамасыз етті. Ал арнайы ұлтарақ өзге спорттық киімдерге қарағанда өте ыңғайлы еді. 1928 жылы Астердамда өткен Олимпиада ойындарының кей қатысушылар Дасслерлер жасаған аяқ-киімде өнер көрсетті. Келесі Олимпиада жарысында осы аяқ-киімді киген спортшы медаль жеңіп алды.

Компанияның дамуына биліктің ауысуы үлкен пайдасын тигізді. Ұлттық-социалистік партия спортқа көп көңіл бөлген. 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиада ойындары кезінде ағайындылар батыл шешім қабылдады. Олар Америкалық қара нәсілді спортшы – Джесси Оуэнмен келісім жасайды. Бірақ олардың үміті ақталды. Джесси қатарынан 4 алтын медаль жеңіп, әлем рекордын жаңартады. Фирма одан әрі таныла түсіп, сұраныс артты. Компания күніне 1 000 жұп кроссовка дайындады.

Бөлінуі
Билік ауысқан соң, ағайындылардың да ойы екі жаққа бөлінді. Адольф мемлекеттің идеологиясына өз сенімсіздігін білдірді. Екінші Дүниежүзілік соғыс өнеркәсіпке көп зиянын тигізді. Дағдарыс басталып, екінші зауытты жабуға тура келді. Ал ағайындылар соғысқа шақыртылып, компания әскери киім өндіру үшін мемлекеттің қарамағына өтті. Алайда өндіріс қажетті деңгейде болмағандықтан, Адольфты соғыстан қайта шақыртты.

Рудольф майданға аттанып, Тушин қаласында баспа бөліміне жіберіледі. 1945 жылы Рудольфты қашуға тырысқаны үшін абақтыға қамайды. Лагерьге барар жолда оны америалық сарбаздар босатып алған. Дегенмен соғыс аяқталған соң Рудольфті қайта тұтқындайды.

Рудольф өзінің қамауға түскеніне інісін айыптайды. Осылайша ағайындылар арасындағы қарым-қатынас бірте-бірте бұзылады. 1948 жылы олар кәсіпті екіге бөлуді ұйғарады. Қызметкерлердің көбісі Адольфтың жанында қалады. Ал кроссовкалар екі түрлі компанияда жасалды. Осылайша бір қалада екі аяқ-киім өндірісі – "Adidas" және "Puma" пайда болды.

Ағайындылар арасындағы бәсеке ұзаққа дейін жалғасты. Бір-бірін озу үшін қарқынды жұмыс істеді. Қала екіге бөлінді. Екі зауыттың қызметкерлері бір дастархан басында тамақ ішпеген. Рудольф пен Адольф бірнеше рет құпия кездессе де, келісімге келе алмаған. Бүгінгі күнге дейін араларындағы араздықтың нақты себебін ешкім білмейді.

дереккөз:balbal.kz

Т. Есқали