Жоғары оқу орнының ең жас түлегі атануға жақын тұрған 9 жастағы Лоран Симонс өзі оқып жатқан Эйндховен техникалық университетінен мекеме басшылығымен арадағы түсінбеушілікке байланысты кететін болды. Бұл туралы Нидерланд баспасөз беттерінде хабарланды.
Лоран Остенд қаласында өмірге келген. 6 жасында мектептің жоғары сыныбына қабылдуымен қатар, Амстердам университеті медицина орталығында жұмыс істеген. 8 жасында математика бойынша жоғары білім туралы диплом алды. Баланың IQ көрсеткіші – 145 және есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Лоранның айтуынша, оның сүйікті пәні – математика, себебі ол статистика, геометрия және алгебраны қамтиды.
2019 жылы наурызда тоғыз жасында Эйндховен университетінің электротехника факультетіне оқуға түсіп, әдеттегі үш жылдың орнына алты ай ішінде бакалавр дәрежесін алғалы тұрған.
Жас вундеркинд өзінің бакалавр дәрежесін 26 желтоқсан күні, яғни, 10 жасқа толғанға дейін қорғауды жоспарлаған еді. Осылай ол 10 жасында Алабама университетінің түлегі атанған Майкл Карниден озып, жоғары оқу орнын тәмамдаған ең жас түлек атануы керек болатын.
Алайда, соңғы сәтте университет әкімшілігі Лоранның көп оқу салдарынан зорығуы мүмкін екенін, туған күніне дейін диплом ала алмайтынын айтып, оның ата-анасымен келісе алмай қалған.
“Лоранның ата-анасы біз ұсынған оқу кестесіне көңілдері толмады. Өкінішті”, - деп мәлімдеген университет басшылығы.
Нәтижесінде Лоранның ата-анасы оның құжаттарын университеттен алып кеткен.
Лоранның өзі инстаграмда университет әкімшілігі көпшілікті алдап жатқанын жазды. “Университет басшылығы маған оқуды жылдың соңына дейін бітіретінімді айтқан. Ал, енді "2020 жылдың ортасында аяқтайсың" дейді. Эйндховен университеті әкімшілігі барлығын алдайын деп отыр ма?”, - деп жазды жас вундеркинд.
Айта кетейік, біз осыған дейін Нидерландтағы Эйндховен техникалық университетін биыл Лоран Симонстың аяқтайын деп жатқанын жазған едік.