- Негізгі бет
- Әлемтану
- 7 киімге жұмсалатын...
7 киімге жұмсалатын суды 1 адам өмір бойы ішеді
Бүгін біз қажетті мөлшерден көп киім сатып алу климаттың өзгеруіне қалай әсер ететіні туралы айтатын боламыз. Мақаладағы сандар сізді бей-жай қалдырмайтыны анық.
Әлемдегі сән индустриясы үнемі жұмыс істеп, адамдарды әр маусымда трендте болуға шақырады. Көбі трендтегі киімдерді киюге асығады. Бірақ табиғат ше, оған кім көңіл бөледі?
Парниктік газдар шығарындыларының 10 пайызы сән индустриясының үлесіне тиеді деген болжам бар. Мақта талшығынан жасалған бір жейдеге сатып алушыға жеткенше 2000 литр су жұмсалады. Бұл суды бір адам 3 жыл ішеді.
7 киімге жұмсалатын су – 1 адамның өмір бойы ішетін суы
Бір адамға жылына 20 дана мата қажет. Дүние жүзінде 8 миллиард халыққа 1 жылда киімге 160 миллиард дана мата өндіріледі. Ал бұл дүние жүзіндегі судың 20 пайызы матаға жұмсалады деген сөз.
Сән маусымға байланысты екі үлкен макро топқа бөлінеді: көктем мен жаз, күз және қыс. Сонымен қатар, сәнқойлар үшін жылына шамамен 50-100 микромаусым бар.
Сәннің жиі өзгеруіне байланысты 2020 жылы киім сатып алу 2000 жылмен салыстырғанда әлем бойынша 60 пайызға артқан.
Бір киімді дайындаудың бастапқы кезеңінен бастап оны дайындауға дейінгі процесті бір-бірлеп есептеу қиын. Осы себепті біз оны джинсы мысалында мұны талдап көрейік.
БҰҰ жариялаған статистикаға сәйкес, 1 джинсы шалбарға орта есеппен 1 келі мақта жұмсалады екен. Талшықтардың ішінде тігін өнеркәсібінде ең көп қолданылатын талшық (33 пайыз) мақта.
Мақта құрғақ климатта өсетінін ескерсек, 1 кг мақтаға шамамен 7500–10 000 литр су қажет. Бұл 1 адамның 10 жылдық ауыз суы деген сөз. Осы жерде айта кететін нәрсе, тұщы су егін суару үшін пайдаланылады – оны өңдеп, ауыз суға айналдыруға болады.
Осыны кеңірек талдасақ, орташа есеппен 7 джинсы тігілетін матаға жұмсалатын суға 70 жыл өмір сүретін адамды өмір бойы ауыз сумен қамтамасыз етуге болады. Немесе 1 жылда 2 рет джинсы шалбар сатып алатын адам 4 жыл бойы джинсы шалбар сатып алмай, 1 адамның өмір бойы тұтынатын суын үнемдей алады деп түсінуге болады.
© Getty Images
Табиғатқа қайсысы көбірек зиян келтіреді: синтетика немесе мақта талшығы ма?
Жалпы, өнеркәсіпте қолданылатын талшықтардың жартысы синтетика. Өйткені олар барлық жағынан қолдануға оңай, ұзақ қызмет етеді, жеңіл және өте арзан. Синтетиканың ішінде полиэфир талшықтары киім тігуге кеңінен қолданылады. Полиэфирлер мақта талшықтарынан жасалған киімдерге қарағанда әлдеқайда аз суды қажет етеді, бірақ парниктік газдардың көбірек шығарылуына әкеледі.
Дүние жүзінде жылына 70 миллион баррель мұнай полиэфирден жасалған киім тігуге пайдаланылады. Сондықтан полиэстерден жасалған киім мақтадан жасалған киімге қарағанда 2 есе көп парниктік газ тудырады. Мақтадан тігілген жейде 2,1 келі көмірқышқыл газын шығарса, полиэстерден жасалған киім кезінде 5,5 кило көмірқышқыл газы шығады.
2015 жылы тоқыма бұйымдарына арналған полиэфир өндірісі шамамен 706 миллиард килограмм парниктік газдар шығарды, бұл 185 көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының жыл сайынғы парниктік газдар шығарындыларына тең.
© artforlife
Брендтер экологиялық таза киім тігуге тырысады
Суды ысырап ету, табиғатты ластау тігін өндірісінде де орын алады. Өнеркәсіпте судың ластануының шамамен 20 пайызы киім өндірісімен байланысты болса, әлем жыл сайын маталарды бояу үшін 5 триллион литр суды пайдаланады, бұл 2 миллион олимпиадалық жүзу бассейнін толтыруға жеткілікті.
Сондықтан кейбір тігін фабрикалары мен компаниялары да тоқыма өнімдеріне ағаш, жеміс және басқа да табиғи материалдарды пайдалануға тырысады. Кейбірі пайдаланып, ескірген киімді қайта өңдеуге болатын маталарды немесе материалдарды бояудың балама жолдарын іздейді.
H&M және Zara компаниялары 2020 жылға қарай киімдерін қайта өңдеумен айналысатын 33 сән компаниясы қатарына қосылды және тозған киімдерді дүкендерінде жинау және қайта өңдеу тәжірибесін қалыптастырды.
Лос-Анджелесте кішігірім киім бренді, Reformation, кәдімгі киім компанияларына қарағанда киімдері үшін суды айтарлықтай аз тұтынатынын хабарлады және әр өнімге жұмсалатын су туралы өз парақшасында жазады.
Кейбір адамдар сатып алған киімнің 40 пайызын ешқашан кимеген
АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі 2017 жылы қоқысқа 10,2 миллион тонна тоқыма қалдықтары төгілгенін және тағы 2,9 миллион тонна мата жөртелгенін есептеді. Ұлыбританияда жыл сайын қоқысқа 350 000 тонна киім тасталады.
Ellen MacArthur қорының мәліметі бойынша, 2000 жылдан 2015 жылға дейін бір киімді кию ұзақтығы 36 пайызға қысқарған. Сол кезеңде киім өндірісі екі есе өсті. Бұл да киімнің сапасының төмендігі мен ұзақ киюге жарамсыздығынан. Сондықтан да кәсіпкерлер үшін климатқа сай сапалы әрі төзімді киімдер шығару маңызды.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, кейбір елдерде сатып алынатын киімнің 40 пайызы ешқашан киілмейді. Басқа зерттеулер Ұлыбритания халқы сатып алған киімінің 50 пайызға жуығын кимейтінін анықтады. Мұны олар киімнің өзіне сай келмей, сәннен шығып қалғанымен түсіндіреді.
Confessions of a Shopaholic, 2000 фильмінен стоп кадр
Сатып алу психологиясы
Аустралиядағы Флиндерс университетінде психикалық ауруларды зерттейтін клиникалық психолог Майк Кириос, біз сатып алатын нәрсе маңызды рөл атқарады дейді.
Өзін төмендететін, қоғамдағы жағдайын ойлайтын адамдар киімге көп ақша жұмсайды. Мақтауды жақсы көретін адамдар жаңа киім сатып алғанда миының мақтауға сезімтал бөліктерін белсендіреді. Дәрігер оны ауру деп есептеп, емдеу керек дейді.
Бұл мәселені "алмасу" тәжірибесі арқылы да шешуге болады. Мысалы, сіз кигіңіз келмейтін киімдерді басқа біреуге беріп, одан киім алып, айырбастауға болады.
Oxfam қайырымдылық ұйымының тұрақты сән сарапшысы Фи Гилфезер киімді жиі жуудың табиғатқа да зиян екенін айтады. Яғни, бір жағынан су тапшылығын туғызса, екінші жағынан, киім жиі жуылғанда өзінен ұсақ талшықтарды ажырата бастайды. Бұл талшықтар суға қосылып, табиғатқа шығады. Екінші жағынан, киім сапасын тез жоғалтып, иесі басқа киімдерді сатып алуға мәжбүр болады.
Экологиялық сапалы киімдерді насихаттау жолын ұстанған атақты адамдар
Сәнді насихаттауда ең танымал актерлер мен әншілер маңызды рөл атқарады. Киімнің табиғатқа тигізетін әсерін білген түрік әншісі Nil Karaibrahimgil "Оян, ана" әнін орындады. Содан кейін әнші жаңа киім алуды емес, бұрыннан бар нәрселерден жаңа образдар жасауды шешкенін айтады.
Nil Karaibrahimgil © hbrturkiye.com
Гарри Поттер фильміндегі рөлімен танымал Эмма Уотсон эко-белсенді атақтылардың алғашқы ондығына кіреді. 2019 жылы ол табиғатқа қолайлы сәнге арналған Feel Good Style сайтын іске қосты. Ол органикалық сән брендтерін жасайтын дизайнерлермен жұмыс істейді.
Актриса Гвинет Пэлтроу тек төзімді материалдардан киім тігеді. Компания әрбір сатылған киім үшін Тахо ұлттық орманында 1 ағаш отырғызады.
© apollo-8.ru
Қазақстан халқы қаншалықты жиі киім сатып алады?
Cайтымыздың Іnstagram желісінде жүргізілген шағын сауалнамаға сәйкес, Қазақстанда халық көп киім-кешек сатып алуға қызықпайды.
Сауалнамаға қатысушылардың 81 пайызы ай сайын 2-3 киім сатып алатынын айтады.
Әлеуметтік желінің тағы бір қолданушысы көп киім алмайтынын, бір жаздық, бір қыстық киімдері бар екенін жазды.
Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (62 пайызы) аздап тозған немесе өзіне лайық емес киімдерді туыстарына тарататынын айтады.
P.S. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен қоқысқа киімді тастау немесе өртеу қоршаған ортаға көбірек зиян келтіреді. Қайырымдылық дүкендеріне апарып, мұқтаж отбасыларға таратып беруге болады. Немесе өзіңізге ұнамайтын киімдерді сатуға, айырбастауға арналған интернетте әртүрлі мобилді қосымша бар.
Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтер мен талдаулардың мақсаты – киім таңдаған адам оны өз қажетіне ғана емес, климатты сақтау үшін де таңдайтынын еске салу.
Т. Раушанұлы