- Негізгі бет
- Әлемтану
- 2021 жылғы Қытайдағы халық саны белгілі болды
2021 жылғы Қытайдағы халық саны белгілі болды
Қытайда он жыл сайын халық санағы өтеді. Ең кейінгі есеп бойынша Қытай халқының саны – 1 миллиард 411 миллион 780 мың адам.
Бұл көрсеткіш Қытайға әлемдегі халқы ең көп ел мәртебесін сақтауға мүмкіндік берді. Алайда бұл үкіметтің 2016 жылы болжағанынан аз. Сол кезде Қытай үкіметі ел халқының саны 2020 жылға қарай 1,42 миллиардтан асады деп күткен.
Қытай халқының саны 10 жыл ішінде 72 миллион адамға немесе 2010 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Осы кезеңде халықтың өсу қарқыны жылына орта есеппен 0,53 пайызды құраған. Бұл 1960-шы жылдардың басынан бастап елде 10 миллион адам аштықтан қайтыс болғаннан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Биылғы санақ елдегі жетіншісі. Нәтижелер бойынша Қытайда 723 миллион 339 мың 956 ер адам және 688 миллион 438 мың 768 әйел (халықтың 51,24 және 48,76 пайызы) тұрады.
Қытайда 16 мен 59 жас аралығындағы еңбекке жарамды халық саны 880 миллионды құрайды, орташа жасы – 38,8 жас.
Нәтижелер Қытайдағы халықтың қартайып, туу коэффициентінің төмендеуін көрсетіп отыр. 2020 жылы елде 12 миллион бала дүниеге келген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Елде туудың төмен деңгейінің салдарынан егде жастағы адамдар көбейген: 2010 жылы 65 жастан асқан қытайлар жалпы халықтың 8,9 пайызын құраса, қазір бұл көрсеткіш – 13,5 пайыз. Бірқатар болжамдар бойынша, егер туу деңгейі төмен болса, Қытайда 2030 жылдан кейінгі жұмыс күшінің жетіспеу проблемасы туындайды.
Халық санының өсуі – адамдардың қартаюы, туу көрсеткішінің бәсеңдеуі және урбанизациямен бірге жүріп жатқан үдеріс. Қазір әлемдегі орташа туу көрсеткіші бір анаға 2,5 баладан келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш төмендеп бір анаға 2,4 балаға дейін азаяды.
Ғаламшарымыздағы адамдар қартайып бара жатыр. Мысалы, 65 жас және одан үлкен жастағылар Еуропада жалпы халық санының 19 пайызын, Солтүстік Америкада 16 пайызын құрайды. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіштер де өз кезегінде 23 және 28 пайызға дейін өседі. Жер шарындағы халық саны 2050 жылдың соңына дейін 9,7 млрд-қа, ал осы ғасырдың соңында шамамен 11 млрд-қа жетеді.
Қазіргі уақытта Қытай халық саны бойынша әлемде бірінші орында. Екінші орында 1,389 миллиард тұрғыны бар – Үндістан, үшінші орында 331 миллион халқы бар АҚШ тұр.
Т. Раушанұлы