Жаңа жыл. Әр елдің салты басқа...

Көпшілік асыға күтетін Жаңа жыл мерекесі де жақындап қалды. Ерекше отбасылық жылуға толы бұл мерекеде көптен қауышпаған жанұя мүшелері бір дастархан үстінде бас қосып, арқа-жарқа болады. Аталмыш мерекенің қалай тойланатыны бізге тансық болмағанымен, әлемде бізден өзге қаншама мемлекет болса той тойлатудың да соншама түрі бар. Әр елдің салты басқа демекші, Жаңа жылға қатысты да түрлі сенімдер бар көрінеді. Соларды біле жүріңіз.  


Мысалы, шотландықтар  Жаңа жыл мерекесін Хогмани деп атайды. Біздің халық аспанға салют атып жатса, бұлар бөшкелерді қарамаймен жағып, көше бойымен дөңгелетіп жібереді. Бұл дәстүр Жаңа жылды шақыру екен. Наным-сенім бойынша жанып жатқан бөшкелерді күн деп түсінеді екен. Теңізге тастаған соң оны мекендеушілерге жарық пен жылу сыйлайды-мыс. Сонымен қатар су апатынан аман боламыз деп сенеді. Ал екінші ырым бойынша от жын-періден қорғайды. Шотландықтардың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі тағамдары бар. Мәселен, жаңа жылдық таңғы асқа сұлы шелпегін, пудинг пен ірімшіктің ерекше сорты — кеббенді дайындайды. Ал түскі және кешкі асқа пісірілген қаз немесе бифштекс, алма қосылған бәліштерді әзірлейді.

Финдықтар жаңа жыл кешінде балауыз арқылы болашақты болжайды. Әуелі сұрақ қояды. Ерітілген тамшысын суға тамызып, пайда болған су бетіндегі бейне арқылы болжам жасайды. Ал дәстүр бойынша дастарханда алхоры киселі мен тәтті күріш ботқасы болуы керек. Біз де ет аспай жаңа жылдық дастарханға жайғаса алмаймыз ғой. «Айй ааазз ааа тааа!» деп шулайтын біз ғой. Ал финдықтар Аяз атасын «Йоулупукки!» деп шақырады екен. «Рождестволық ешкі» деген мағына береді. Йоулупуккидің сыйлық толы арбасын ешкі сүйрейді екен. Финдықтар бұл атаны мейірімді, барлық тілектерді орындаушы деп түсінеді. Тіпті, сыбырды да естиді-міс. Айқайлап айтатын болса, жындар естіп қойып, тілектер орындалмай қалуы мүмкін екен.

Испанияда ескі дәстүр бойынша жаңа жыл кешінде әр адам 12 жүзім жеуі керек. 12 жүзім болатын себебі жылдың он екі айын білдіртсе керек. Негізі, жүзімнің дәстүрге енуі тегін емес. 1908 жылы жергілікті фермерлер жүзім арқылы пайда табуды бастады. Бүгінде дүкендерде неше түрлі құтыда түр-түрі сатылады екен.

Вьетнамда жаңа жылды 21 қаңтар мен 19 ақпан арасында тойлайды. Жаңа жылды тет деп атайды. Мұнда шырша, әппақ қар болмайтындықтан, ерекшелік тырманы безендіреуде болады екен. Ырымы өте жақсы безендірсе, бақыт пен байлықты тырмалауға болады деген түсінікке жақын. Аяз атасы Тао Куэн деген кейіпкер. Оны үй ішінің періштесі дейді. Ол айдаһарға айналып шығатын тұқымен көкке ұшады екен. Аспан әміршісіне адамдардың жасаған жақсы амалдарын жеткізеді-міс. Вьеатнамдықтар жақын маңда орналасқан өзен-көлге тірі тұқыны тілектерін сыбырлап айтқан соң жібереді екен.

Жаңа жылда шыршаны безендіру дәстүрі Германияда сонау орта ғасырда пайда болған. Немістер Санта Клаусты есек мініп келеді деп түсінеді. Сондықтан кебісіне шөп салады. Ал Берлинде Бранденбург қақпасының алдында жүз мыңдаған адам Шығыс пен Батыс Германияның қосылуы үшін тілек тілейді.

Ал Британ аралдарында тұрғындар үйінің артқы есігін ашып қояды екен. Жаңа жыл келді деп сағат он екіні соққанда үйдің кіреберіс есігін ашады.

Швеция ХІХ ғасырда бірінші болып әлемге шыныдан жасалған шырша ойыншықтарын сыйлаған еді. Олар Жаңа жыл мерекесінде үйдің жарығын өшірмейді екен. Сонымен қатар барлық көшені жарықтандырады.

Француздар бұл мерекеде бәліш пісіреді. Бәліштің ішіне бір түйір ірі бұршақты (боб) салады екен. Кімнің жеген бәлішінен шықса, жаңа жыл кешінде сол адамның бұйрығына бәрі де бағынады екен.

Жапондықтар Жаңа жыл мерекесінде жаңа киім кию дәстүрін енгізген болатын. Олар мерекенің алдында тырма сатып алады екен. Вьетнамдықтар секілді бақыт пен байлықты «тырмалайтын» көрінеді. Бұлар Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлайды. Есіктің алдына бақыт әкеледі деп бір байлам сабанды іліп қояды. Бұл ырым жын-сайтанның үйге кіруінен сақтайды екен. Жаңа жыл басталысымен-ақ жапондықтар шулықтар секілді күле бастайды. Күлкі жаңа жылда бақыт әкеледі деп түсінеді.

Еврейлер жаңа жылды Rosh Hashanah деп атайды. Бұл күн олар үшін қасиетті. Олар ең бірінші кезекте күнәларын еске алып, осы жаңа жылда жақсы амалдармен жоямын деп уәде береді. Балаларға жаңа киімдер сыйлайды. Нан пісіріп, неше түрлі жемістерді жейді.

Италияда жаңа жыл 6 қаңтарда басталады. Наным бойынша бұл түнде сиқырлы сыпырғышпен мейірімді Фея Бефана ұшып келеді екен. Ол «келіншек» үйге есіктерді алтын кілтімен ашып кіреді екен. Камин қасында ілініп тұрған балалардың шұлықтарын сыйлыққа толтырады екен. Сабағын нашар оқып, бұзықтық жасаған балаларға Бефана бір шымшым күл мен көмір салып кетеді екен. Ал Аяз атасы Баббо Натале екен. Итальяндықтар жаңа жыл кешінде терезеден ескі заттарды лақтырады екен. Неғұрлым көбірек лақтырса, жаңа жыл сондай байлыққа кенелтеді деп түсінеді.

Ал Австрияда жаңа жылдық сыйлық пен құттықтаудың қарапайым дәстүрі сонау XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында тарала бастаған екен. Қазіргі таңда бір-біріне неше түрлі шағын мүсіндерді сыйлайды. Пошталық ашық хат арқылы бақыттың символы болатын мұржа тазалаушы, төрт жапырақты бедені немесе шошқаның мүсінін сыйлайды. Жаңа жыл берекелі болуы үшін 31 желтоқсанда мол дастархан жаяды екен.

Брабант пен Батыс Фландрияда… Иә, мұнда бұл мерекеде патша сайлау дәстүрі бар. Арнайы 16 корольдық ашық хат (Koningsbriefs) жасалынады. Бұл ашық хаттарға сарай адамдары мен қызметшілерінің суреттері бейнеленеді. Ал ауылдық жерде мұндайды қолдан жасайды екен. Қатысушылар тәуекел деп бір-біреуден таңдап алады. Сөйтіп, таңдалған патша мен ханым кешті басқарады. Екеуінің іс-әрекеттерін қалғандары қайталайды.

Ұлыбританияда қызық дәстүр бар екен. Түн жарымда үйге ер адам кірсе, демек, сәттілік әкеледі екен. Сонымен қатар адамдар Трафальгар алаңына Биг Беннің дыңылын есту үшін жиналады екен.