Әлемнің әр түкпірінен жиналған ғалымдар Оңтүстік Африкадағы үңгірлердің бірінен шамамен 2,5 миллион жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйегін тапты.
Олжалы оралған сол экспедицияға Назарбаев Университетінің профессоры да қатысқан.
Оңтүстік Африкадағы Йоханнесбург қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан мына аумақ «Адамзаттың бесігі» деп аталады. Бұл жерден адамның сүйегі осыған дейін де табылған. Алайда бұл жолғы олжа бүгінге дейінгі бірде де тіршілік иесіне ұқсамайды. Оны үңгірден алып шыққан ғалымдар сүйек емес, ат басындай алтын тапқаннан бетер қуанды.
Антропологтар адамның жаңа түріне «Хомо Наледи», аударғанда «жұлдыз» деген атау берді. Олар «Диналеди» үңгірінің 12 метрлік тереңінде, жыртқыштар жетпейтін жерде жерленген екен. Ғалымдар алып шыққан мың жарымға тарта сүйек шамамен 8 бала мен 5 ересек адамға тиесілі. Үлкендерінің салмақтары 45, бойлары 1 метр 52 сантиметр. Саусақтары сәл бүгілген, ал аяқтары қисықтау келген.
Ли Бергер, антрополог:
- «Хомо Наледи» сыртқы тұрпаты жағынан «Хомо сапиенстерге» ұқсайды. Бірақ ми сауыты өте кішкентай, апельсиннің мөлшеріндей ғана. Ал жамбас сүйектерінің құрылысы оларды адамдардан гөрі австралопитектерге, яғни приматтарға жақындастырады.
Небары 18 сантиметрлік саңылаудан өтіп, мың жарым сүйекті жинап сыртқа алып шығу, олардың әрқайсысын зерттеу қаншалықты қиынға соққанын бізге осы экспедицияға қатысқан Назарбаев Университетінің қызметкері, антрополог Закари Кофран айтып берді.
Закари Кофран, Назарбаев Университетінің профессоры:
- Африкалық зерттеушілер осы саяхатқа қатысушыларды Facebook арқылы жинаған. Мен өтініш беріп, өтіп кеттім. Бір айға созылған саяхаттан енді оралған бетім. Алдағы уақытта Қазақстанның жері мен ежелгі тайпалар сүйегін зерттеуді жоспарлап отырмын.
Бір қызығы, әлем жұртшылығын елең еткізген бұл жаңалықты африкалық антропологтар 2013 жылы тапқан. Алайда оны толық зерттеп, тегі мен жасын анықтағаннан кейін ғана жариялауды жөн көрген.
Дереккөз: 24.kz