Екі ғасырдан астам уақыт ішінде Ақ үй ел басшыларының резиденциясы ретінде ғана емес, АҚШ күш-қуатының нышаны ретінде де қызмет етіп келеді.
♦ АҚШ президенттерінің ресми резиденциясы – бүкіл әлемге танымал "Ақ үй" деп аталатын ғимараттың іргетасы 1792 жылы қаланды.
♦ Құрылыс нысанының орнын елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтон таңдаған.
♦ "Бұл Потомак өзенінің бойында, 10 шаршы мильден аспайтын жер болуы керек" деген Вашингтон.
♦ Осылайша, Ақ үйдің құрылысы қазіргі орналасқан жерде ("1600, Пенсильвания даңғылы, Вашингтон, DC 20500, АҚШ") басталады.
♦ Ғимараттың дизайнына жариялаған конкурста Джеймс Хобан есімді сәулетші жеңімпаз атанды. Хобанмен қатар Вашингтонның өзі де жобаның авторы ретінде бірлесіп жұмыс істейді.
♦Джеймс Хобан ғимаратты жобалаған кезде Дублиндегі Лейнстер үйінің (қазіргі Ирландия парламенті) сәулетімен шабыттанғанын айтқан.
♦Жоба бойынша ғимарат классикалық грек сәулетінің принциптеріне, нақты симметрияны ұстана отырып салынуы керек еді.
♦ Ақ үйдің алғашқы құрылысына 2,5 миллион доллар бөлінген.
♦ 1800 жылдың жазына қарай ғимараттың негізгі бөлігіндегі құрылыс аяқталды.
♦ 1800 жылдың 4 маусымы – Ақ үйдің ресми пайдалануға берілген күні.
♦ 8 жылдық құрылыс аяқталғаннан кейін өзі басқарып, салдырған ғимаратта тұру Вашингтонға нәсіп етпеді.
♦Осы уақытта оның мерзімі аяқталып, екінші президент Джон Адамс үкімет басына келеді. Ол жұбайы Эбигайлмен бірге Ақ үйге көшкен алғашқы президент ретінде тарихта қалды.
Неге Ақ үй?
Ғимарат неге мұндай атпен аталғаны туралы нақты дерек болмаса да бірнеше нұсқалар бар.
♦ Бірінші нұсқа: ғимарат қызыл гранитпен салынған басқа үйлердің қасында ерекше аппақ боп көрінгені үшін осы атты алған.
♦ Екінші нұсқа бойынша бұл атау ғимаратқа 1811 жылы берілген.
♦ Тағы бірінде 1814 жылы берілгені айтылған.
Енді осы соңғы нұсқа тарихына тоқталатын болсақ, АҚШ бастапқыда Ұлыбритания отары еді. Ұлыбритания отарынан арылу әрекеті 1812-15 жылдардағы екі ел арасындағы соғыс өртінің тұтануына себепкер болды.
♦ 1814 жылы британдықтар Вашингтонға от қойып, өрт кезінде Ақ үйге айтарлықтай зиян келді. Дәл осы уақытта ғимараттағы өрттің зардабын жасыру үшін ол ақ түске боялған деген ақпарат бар.
♦ Жоғарыда аталған нұсқалардың қайсысы ең қолайлы болғанына қарамастан, президент резиденциясы ресми түрде 1901 жылы – Теодор Рузвельттің билігі кезінде "Ақ үй" атауына ие болды.
Қайта құру
Ақ үйдің қазіргі көрінісі алғаш салынған кезінен өзгеше. Соңғы ІІІ ғасырда оның құрылымына бірнеше толықтырулар енгізілді.
♦ Жоғарыда айтылғандай, Ақ үй 1814 жылы британдықтардың шабуылынан кейін қайта құрылды және 1817 жылы пайдалануға берілді. Қайта өңдеу кезінде ғимаратқа 2 қабат жерасты бөлмелері қосылды.
♦ ХХ ғасырдың басында Теодор Рузвельттің президенттігі кезінде батыс және шығыс қанаттарына тағы да ғимараттар салынды.
♦Батыс қанатында – Oval Office, президенттің негізгі кеңсесі, ал шығыс қанатында қабылдау бөлмесі орналасқан.
♦ 1927 жылы резиденцияның шатыры қайта салынып, адам тұруға бейімделді.
♦ 1949-1952 жылдары президент Гарри Трумэннің басшылығымен Ақ үй күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың ағаш қаңқасы болатпен алмастырылып, интерьері де өзгерді.
Ғимараттың құрылымы
♦ Жалпы ауданы 5000 шаршы метрлік Ақ үй – 6 қабаттан (2 қабат жер асты), 132 бөлмеден, үш жеделсаты және 8 баспалдақтан тұрады. Ғимаратта 32 жуынатын бөлме және 28 камин пеші бар.
♦ Ғимаратта салтанатты қабылдауға арналған көк бөлме, бейресми қабылдаулар үшін жасыл бөлме, отбасылық түскі ас ішетін қызыл бөлме, үлкен зал, президент кеңсесі және басқа да бөлмелер бар.
♦ Ақ үйге келген әрбір президент негізгі кеңсесінің дизайнын өз талғамына қарай өзгерте алады.
♦ Ақ үйдің айналасында президент бағы орналасқан.
♦ Ғимараттың батыс жағында Вудро Уильсонның әйелі салған Қызғылт бақ, ал шығыс қанатында Джон Ф. Кеннедидің әйелі Жаклин Кеннедидің бастамасымен салынған бақ бар.
Ақ үйдің ішкі көрінісі
♦ Ақ үйге көшкен жаңа президент пен оның отбасы ғимаратты өз қалауымен жиһаздай алады. Олардың әрқайсысы президент үйіне жаңалық әкелуге тырысқанымен, ғимаратта ХVIII-ХІХ ғасыр аурасы сақталып қалған. Ғимараттың безендірілуі, интерьердің өзгеруі Ақ үй басқару комитетімен келісіліп жасалады.
♦ Резиденцияда бұрынғы президенттердің отбасыларына тиесілі заттар, сондай-ақ басқа елдердің жоғары лауазымды шенеуніктері берген сыйлықтар бар. Қазіргі президенттің отбасы оларды бөлмелерді безендіруге қолдана алады.
Ақ үйге саяхаттау
♦ Ақ үй Томас Джефферсонның тұсында тұңғыш рет көпшілік үшін ашылды. АҚШ-тың үшінші президенті 1805 жылғы ұлықтау рәсіміне қатысқандарды Ақ үйге келуге шақырады. Көп өтпей президент резиденциясы оны көргісі келетіндер үшін ресми түрде ашылды.
♦ Джефферсон сонымен қатар Жаңа жылды және 4 шілде – Тәуелсіздік күнін Ақ үйде тойлау дәстүрін енгізді.
♦ Бүгінде сейсенбіден жұмаға дейін туристер үшін Ақ үйге саяхат ұйымдастырылады (қазір пандемияға байланысты тоқтатылған).
♦ Ресми және жеке кездесулер өткізілетін көгілдір, жасыл, шығыс және қызыл бөлмелерге туристер саяхаттай алады. Ғимараттың басқа бөлмелері президент пен оның отбасына арналған.
♦ Ақ үйге виртуалды түрде мына сілтеме бойынша саяхаттай аласыз.