- Негізгі бет
- Әлемтану
- 2050 жылы әлем...
2050 жылы әлем халқы 10 миллиардқа жетеді
Әр жылы шамамен 84 миллион адамға көбейіп жатқан әлем жұртының саны 2050 жылға барып 10 миллиардқа, ХХІ ғасыр соңында 11,2 миллиардқа жетуі мүмкін.
БҰҰ-ның "Халық қоры" (UNFPA) мәліметіне қарағанда екі мың жыл бұрын дүниеде 300 миллион, 1600 жылы 600 миллион, 1804 жылы 1 миллиард адам болса, бұл көрсеткіш 1900 жылы 1,5 миллиардқа өсіп, 2011 жылы 7 миллиардқа жеткен.
Жаһан жұртының жаппай көбеюі екінші дүниежүзілік соғыстан соң яғни 1950 жылдардан соң басталды. Қазіргі күнде әлем халқының саны – 7,7 миллиард.
2050 жылға дейін әлем халқының тең жартысын 9 мемлекет: Үндістан, Нигерия, Конго, Пәкістан, Эфиопия, Танзания, АҚШ, Уганда және Индонезия құрайды.
UNFPA мәліметіне қарағанда, 2017-50 жылдар аралығында жер шарындағы адам саны 2,2 миллиардқа көбейеді. Олардың 1,3 миллиарды Африка құрлығынан қосылса, 750 миллионы Азиядан қосылады.
2017-50 жылдар аралығында Кәрі құрлықтың халық саны керісінше азаяды. Болжамдарға қарағанда әлемдегі 51 мемлекеттің халық саны азаяды екен. Оның біршамасы Еуропада орналасқан.
2010-50 жылдары босқындар есебінен АҚШ 1,1 миллион, Канада 214 мың, Англия 174 мың, Испания 170 мың, Германия 110 мың, Франция 100 мыңға көбейеді екен.
Т. Раушанұлы