- Негізгі бет
- Әлемтану
- 2020 жылғы маңызды...
2020 жылғы маңызды археологиялық олжалар
Египетте өткен жылы ауқымды қазба жұмыстары басталды. Бұл жұмыс Орталық және Оңтүстік Америкада, Еуропада және Азияда белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Әрине, өткен жылы көптеген ғылыми жобалар тоқтатылды, бірақ ғалымдар бұрын табылған жәдігерлерді толығымен саралап, мұрағатқа шолу жасаған. Нәтижесінде көптеген жаңалық ашылды. Солардың бірнешеуін ұсынамыз.
Стоунхендж 2
Стоунхенджден алыс емес жерде археологтар радиолокацияны пайдаланып, 20 шұңқырдан тұратын үлкен сақина тапты. Сақинаның диаметрі 2 шақырымнан асады. Шұңқырлардың мөлшері де таңданарлық: диаметрі 10 метр, тереңдігі 5 метр.
Шұңқырларға 4500 жыл болған. Мүмкін олар қасиетті орындарға жолсерік ретінде немесе, керісінше, ол жаққа бармау туралы ескерту ретінде қазылған шығар. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
2 мың жыл бұрын салынған мысықтың суреті табылды
Археологтар Перу оңтүстігіндегі Наска үстіртінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде алып мысықтың бейнесін тапты. Геоглифтің (жердегі сурет) ұзындығы – 37 метр, жасы – 2000 жыл.
Тау беткейіне салынған суретте мысық сол жағымен жатқанын көруге болады. Перу Мәдениет министрлігінің хабарлауынша, орасан зор сурет бақылау майданын қалпына келтіру жұмыстары кезінде табылған. Геоглиф эрозияға байланысты жоғалып кетуі мүмкін.
Бұл сурет Паракасас дәуіріне жататын суреттердің ішіндегі ең көнесі саналады, олардың көбі біздің дәуірімізге дейінгі 100-200 жылдарға тиесілі.
Көпшілікке танымал геоглифтер Перудің оңтүстігіндегі Наска үстіртінде орналасқан. Онда 30 шақты сурет, 13 мыңға жуық сызық-жолақтар және 700-дей геометриялық пішіндер бейнеленген. Олардан бөлек, Атакама шөліндегі алып (Чили), Анд шырағданы (Перу), Блайт пішіндері (АҚШ), Уффингтондық ақ ат (Англия) сынды жер бетіне салынған бірқатар суреттер белгілі.
Наска үстіртіндегі геоглифтер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
Мексикадағы бас сүйек мұнарасы
Мексикада 100-ден астам адамның сүйегі бар «Бас сүйек мұнарасы» табылды. Мұнара Темпло Майор храмдар кешенінің жанында орналасқан және диаметрі 4,7 метр. Археологтардың айтуынша, ол ХV ғасырдың соңында салынған.
"Бұл кейінгі жылдардағы елеулі жаңалық", - деді Мексика Мәдениет министрі Александра Фраусто.
Амазонка ауыл шаруашылығының отаны ретінде танылды
Амазонка ойпатындағы ормандардың кішігірім бөлігін зерттеген ғалымдар бұдан 10 мың жыл бұрын жергілікті халық егіншілікпен белсенді айналысқан дейді.
Зерттеу шеңберінде ғалымдар Боливияның солтүстігіндегі саваннаның 6643 арал ағаштарының картасын сызды, олардың кейбіреулерінде қандай өсімдіктер өсетінін анықтады.
Талдау нәтижесінде ғалымдар Оңтүстік Америкада егіншілік ежелден қалыптасқан деген қорытындыға келді.
Воронеж маңындағы мамонт сүйегінен жасалған құрылым
Ресей археологтары Воронеж аймағындағы Костенководан тас дәуірі орындарының бірінде мамонт сүйектерінің үйіндісін тапқан. 60 мамонттың сүйегі үйді елестетеді. Ғалымдар бұл құрылыстың жасы 25 мың жыл деп есептейді. Бұл ежелгі адамдарға мұз дәуірінен аман қалуға көмектескен болуы мүмкін.
Мамонт сүйектерінен жасалған осындай дөңгелек құрылымдар Шығыс Еуропадағы палеолит дәуірінен табылған. Алайда жаңа табылған үйіндінің көлемі басқалардан әлдеқайда үлкен, диаметрі 13 метрге жетеді.
Әр мамонтты аулау ежелгі адамнан орасан зор күш-жігерді талап еткенін ескерсек, 60 мамонттың сүйегін аулауға қанша адам керек екенін елестете беріңіз. Тайпалардың мұндай қадамға баруына не түрткі болғанын болжау әзірге қиын.
Т. Раушанұлы