2020 жылдың 27 наурызында түсірілген бұл фотоны Associated Press-ке Томас Джуниор Ким жіберген. Фотосуретте 16 жастағы студент рейс алдында медициналық заттарды ұшаққа жүктеп жатыр.
Томас Джуниор Ким – Мэриленд штаты, Бетезда қаласындағы Лэндон мектебінің оқушысы. Ол 15 жасынан бастап ұшақ басқаруды игере бастаған. Елдегі мектептер жабылып, спорттық жарыстар тоқтаған кезде, Ким де басқалар сияқты депрессияға түседі. Бірақ көп ұзамай "SOS – аспан арқылы жеткізу" операциясына қатысуға шешім қабылдайды.
Ұшақ конструкторы бастапқыда оның бұл бастамасына қарсы болған. Бірақ Ким өз шешімін өзгертпесін білгеннен кейін оған көмектесуге келіскен.
Ким өзінің лакросс ойын жаттығуларын жанашырлық миссиясына айналдырды. Ол көмекке мұқтаж шалғайдағы ауруханаларға қажетті медициналық заттарды жеткізіп жатыр. Ол апта сайын шағын ауруханаларға қолғап, медициналық маска, медициналық халат және басқа құрал-жабдықтарды алып барады.
Мысалы, жақында ол Винстокс ауруханасына көмектесу үшін 3000 қолғап, 1000 бас киім, 500 аяқ киім және жүздеген басқа медициналық жабдық алып барған.
Ким журналистерге оны шалғайдағы ауруханалар қалай күтіп алғанын айтып берген.
"Басында олар мені көргенде таңғалды. Ауылдағы дәрігерлер шетте көмектен тыс қалғанын айтады. Себебі адамдардың көпшілігі тек қалалық ауруханаларға көмектеседі. Шындығында, әрбір аурухана зардап шегіп жатыр. Ауылдық ауруханалар шынымен ұмытылған сияқты", - дейді ол.
Кимнің әкесі Томас Ким де "мен балама осы жұмыстың қиын бөлігінде - құрал-жабдықтарды жинауда көмектесемін" деп оның жұмысын қолдайтынын айтқан.
Айта кетейік, қазір АҚШ-та коронавирус індеті жаппай тарап жатыр. Бүгінге дейін АҚШ-та COVID-19-дан 14 768 адам қайтыс болған. Ал біртәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1965 адам көз жұмған.
Жалпы АҚШ коронавирусты жұқтырған адам саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Ел бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны – 431 мыңдай, 23 мың адам жазылып шыққан. Мұндай жоғары көрсеткіштерді Трамп халықтың жаппай коронавирустан тестілеуден өтуімен байланыстырған.