Дүниежүзінің футбол жанкүйерлері бүгінде Ресей аумағында. Хабардарсыз, футболдан іріктелген ең үздік 32 елдің құрамасы Ресей жерінде бақ сынасып, бүгінде сол 32-ден дараланып 4 команда жүлделі орынға таласып жатыр. Франция мен Хорватия өз жолына кесе көлденеңдеген барлық топты ойсырата ұтып, финалдық кездесуге жолдама алды. Ал, олардан соңғы ойында жеңіліс тапқан Бельгия мен Англия құрамалары бүгін жүлделі үшінші орын үшін бақ сынасады. Болжам жасаушылар Бельгия мен Англияны алтын жүлдеге лайық құрамалар деп баға берген еді. Алайда, ақтық ойынға шығар соңғы кезеңде сүрінген қос құрама Әлем чемпионы атағына ие болу бақытынан қағылды. Белгия мен Англия осыған дейін 22 рет кездескен. Осы кездесулердің 15-нде ағылшындар жеңіске жетсе, тек 2 ойында Бельгия құрамасы жеңген. Бірінші жеңіс сонау 1936 жылғы жолдастық кездесуде, екіншісі биылғы чемпионаттың топтық кезеңіндегі Белгияның басым болуы. Бүгінде әлемдегі ең танымал спорт түріне айналған футболдың отаны Англия болса да ағылшындар әлем чемпионатының чемпиондық атағына соңғы рет 1966 жылы қол жеткізіпті. Сол уақыттан бері бұл биіктікті бағындыра алмай келеді. Ал бельгиялықтар бүгінге дейін әлемдік додада үздік үштіктен де көрінген емес. Соңғы рет 1986 жылы үшінші орынға таласу үшін алаңға шығып, француздарға 2:4 есебімен есе жіберген. Жүлделі үшінші орын сарапқа салынатын матч Санкт-Петербург қаласында өтеді. Кездесуді әдеттегідей Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге толық мүмкіндік бар. Ал, биылғы чемпионаттың соңғы ойыны ертең Мәскеу қаласындағы Лужники стадионында өтпек. Естеріңізде болса, 1/4 кезеңдік ойындар басталарда Massaget журналистері қоғамдық сауалнама жүргізген еді. Бұл видеодағы Алматы халқының болжамы бойынша, әлем чемпионы болу басымдығы Францияға ауып тұр.