- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Самурайлар соңғы минутта...
Самурайлар соңғы минутта сан соғып қалды
Футболдан әлем чемпионатының ширек финалына шыққан тағы бір құрама белгілі болды. Ростовта Жапонияны соңғы минутта сан соқтырған Бельгия 1/4 финалға шықты.
Ойындағы 5 гол да екінші таймда соғылды. Жанкүйерлер жапондардан жойқын шабуыл күтпеген еді. Тіпті бельгиялық футболшылардың өзі күншығыс елі футболшыларының жүйелі шабуылына дайын болмай шықты. 48 минутта Генки Харагучи гол соғып, Жапонияны алға шығарды.
Араға 4 минут сала Такаси Инуи есепті еселеді. Бұдан кейін бір сәт Бельгия құрамасының ойыны құрдымға кеткендей көрінді.
69 минутта қорғаушы Ян Вертонген баспен тамаша гол соғып, командаға үміт отын сыйлады.
Дрис Мертенсті алмастырған Маруан Фелайни 74 минутта баспен гол соғып, таразы басын теңестірді.
Жапондар қорғаныста ойнауды жөн көрген жоқ. Шабуылға иек артты. Соңғы минутта Бельгияның қарымта шабуылы қарқынды шығып, Насер Шадли құрамаға жеңіс сыйлаған голды соқты.
Ширек финалда Бельгия құрамасы Бразилиямен кездеседі.
О. Сансызбай