- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Нигерияның жеңісі немесе...
Нигерияның жеңісі немесе Аргентинаның мүмкіндігі
"D" тобында Хорватия екі ойыннан кейін-ақ плей-офф жолдамасына ие болды. Ал екінші жолдамаға талас қыза түспек.
Кеше хорваттардан ойсырай ұтылған Аргентинаның плей-оффқа шығу мүмкіндігі алыстай түскен еді. Алайда бүгін Исландияны ұтқан Нигерия жағдайды теңестіргендей болды. Сонымен екінші жолдама иегері соңғы турда шешіледі.
27 маусым күні түнде Аргентина мен Нигерия, Хорватия мен Исландия кездеседі. Хорваттардан кейін екінші жолдаманы иеленуге үш құраманың да мүмкіндігі бар. Тек жеңілмеу керек.
Нигерияда 3 ұпай бар. Аргентинамен тең ойнаса, Исландия бір доп айырмасымен жеңіске жетсе де, Африка құрлығынан келген құраманың жолы болмақ. Ұтатын болса жолдама ешқайда қашпайды.
Аргентина плей-оффқа шығу үшін Нигерияны ірі есеп айырмасымен ұту керек. Сондай-ақ Исландия хорваттарды ойсырата ұтпағанын тілейді.
Исландия үшін де мүмкіндік бар. Хорватия оларға қарсы жартылай екінші құраммен ойнамақ. Викингтер де ірі есеп айырмасымен қарсыластарын ұтулары қажет. Олар үшін Аргентина мен Нигерия 0:0 болғаны да тиімді. Мұндай жағдайда олар хорваттарды екі доп басымдығымен ұтулары керек.
О. Сансызбай