Футбол спорт қана емес, футбол бұл өмір. Жақында ғана футбол бойынша кезекті әлем чемпионаты басталды. Мундиальдың тарихына көз жүгіртсек талай қызықты оқиғалардың болғанына куә боламыз. Назарларыңызға сондай қызықты сәттердің бірнешеуін ұсынамыз. ӘЧ-1930. Мүгедек бомбардир Футбол бойынша алғашқы чемпионат Уругвайда 1930 жылы болып, ол сол елдің 100 жылдығына арналды. Барлық ойындар Монтевидео қаласындағы стадионда болды. Аргенина мен Уругвай арасындағы мач кезінде қос таймда екі доппен ойын өткізілді. Себебі екі команда кімнің добында ойнауды келісе алмады. Алғашқы мундиальді Уругвай ұлттық құрамасы жеңіп алды. Ойын 4:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Соңғы голды Эктор Кастро өз есебіне жазды. Ол әлем чемпионаттарының тарихында елеулі физикалық кемістігі бар жалғыз ойыншы. Оның бір қолы шынтағынан жоқ болған. ӘЧ-1970. Спорт соғыс елшісі 1969 жылы Сальвадор мен Гондурас келесі жылғы әлем чемпионатына қатысу құқығын иелену үшін өзара екі кездесу өткізу керек болды. Алғашқы кездесу Гондураста болып, алаң иелері жеңеді. Келесі жауап ойынға Сальвадорлықтар жақсылап дайындалды. Себебі бұл өлім мен өмір мәселесі еді. Келесі ойында сальвадорлықтар қарсыласын 3:0 есебімен жеңеді. Бірақ ойыннан кейінгі тәртіпсіздіктен гондурастық футболшылары мен жанкүйерлері жәбірленді. Оған жауап ретінде Гондурас елінде де көтеріліс болып, бейбіт тұрғын сальвадорлықтардың үйі өртеліп, өздерін соққыға жығады. Енді жеңген команданы анықтау үшін үшінші ойын ұйымдастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кездесу Мексикада болады. Нәтижесінде сальвадорлықтар 3:2 есебімен жеңеді. Ойын біткеннен кейін екі мемлекет өзара дипломатиялық қарым-қатынасын үзеді. Бұл тек, басталуы екен. 1969 жылы 14 шілдеде Сальвадор әскері шекараны бұзып өтіп, даулы аймаққа өз адамдарын жайғастыра бастаған. 100 мың сальвадорлық тұрғын гондурас жеріне көшірілген. Осыдан соң Америка ұйымы мемлекеттері жиылыс өткізіп, екі жаққа да әскери жүрістерін тоқтатуды талап етеді. Экономикалық санкциялардан қорыққан Сальвадор президенті Эрнандес соғысты тоқтатқанымен, осы қысқа уақыт аралығындағы қақтығыс 5 мың бейбіт тұрғын мен әскерилерді о дүниеге аттандырып жіберген болатын. Арада 10 жыл өтіп қана екі ел өзара бейбітшілік бітіміне қол қояды. ӘЧ-1978. Марадона жылаған кеш Бұл өмірімдегі ең ауыр жеңіліс еді, деп есіне алады аргентиналық футбол аңызы. ӘЧ-1978 жылы ол енді 17 жасқа келген жасөспірім еді, ел оның болашағына сенетін. Бірақ жаттықтырушы оны чемпионатқа қатысу тізіміне іліндірмеді. Мародона Сесар Луис Меноттиге қоңырау шалып жалынып жылаған. Бірақ, бәрібір тасжүрек бапкер футболшыны құрамға енгізбеген. Мен Меноттиді әлі күнге дейін кешірмедім, кешірмеймін де! Сол күні үйіміз біреу өлгендей аза күніне айналды. Әкем, анам, қарындастарым бәрі жылап отырды. Олар маған әлемдегі ең мықты футболшы екенімді, жас болғаным себепті әлі бес чемпионатқа қатыса алатынымды айтып жұбатты. Бірақ, бәрібір өздері жылап отырды. Сол күні өмірімдегі ең қайғылы күн болды. Содан кейін мен әлем чемпионатын міндетті түрде ұтамын деп өз-өзіме серт бердім. Жаныммен һәм тәніммен уақыты келіп өзімнің кім екенімді дәлелдеймін деп бел байладым, дейді Марадона. Сол жылы Аргентина Марадонасыз да чемпион болды. Ал, ғасыр футболшысы болса арада сегіз жыл өткенде ниетіне жетті. ӘЧ-1982. Алаңдағы шейх 1982 жылы әлем чемпионаты кезінде қызық оқиға болды. Франция мен Кувейт арасындағы кездесуде еуропалықтардың төртінші голынан соң алаңға оққағарларын ертіп шейх Фахид әл Ахмад ас Сабах кіріп келеді. Ол төрешіге төртінші гол заңға қайшы соғылып, есепке алмауын айтады. Себебі ойын уақытында трибунадан ысқырық шалынады, кувейттік футболшылар мұны төреші ысқырығы деп ойлап тоқтап қалады. Нәтижесінде франциялық футболшы Ален Жиресс қорғаушылардан қиындықсыз өтіп гол соғып кетеді. Келіспеушілік себепті шейх командасын ертіп алаңнан шығып кетеді. Нәтижесінде төреші Мирослав Ступар голды есептемей, кувейттік ойыншыларды алаңға қайтарып алып келеді. Ойын жалғасын тапқанымен, соңында бәрібір арабтар 1:4 есебімен жеңіліп қалады. Өкініштісі сол осы ойыннан кейін шешімін өзгерткен төреші Мирослав бүкіл халықаралық ойындарда төрешілік ету құқықығынан айрылады. ӘЧ-1970. Ғасыр ойыны Ғасыр ойыны ретінде кейбір футбол мамандары 1970 жылғы мундиаль кезіндегі жартылай финалда ойнаған Италия мен Германия ойынын айтады. Немістер ойынның соңғы уақытында Италия голына жауап беріп, нәтижесінде ойын қосымша уақытта жалғасқан болатын. Қосымша 30 минут нағыз драмалық шоу болып, екі жақ та кезекпенен есепте алға шығып отырды. Соңында Италия 4:3 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл ойын оларды шаршатқаны сонша финалда Бразилияға қарсы тұра алмады. Финал 4:1 болыпбразилиялықтар пайдасына шешілді. ӘЧ-1994. Өзіне сенген болгар ӘЧ-94 жылы алдында турнирді таратушы телеарналардың бірі тв-шоу ұйымдастырады. Шоуға Бразилия ұлттық құрамасы жетекшісі Ромарио, италиялық жұлдыз ойыншы Роберто Баджо, нидерландтық футболшы Денис Беркамп және болгар ойыншысы Христо келеді. Әрбір жұлдызға өз құрамаларының мүмкіндіктері туралы сұрақ қойылады. Ромарио өз командасының күшіне өте сенетінін, чемпиондықтан үмітті екенін айтады. Беркамп та алдағы ойындардан көп нәрсе күтетінін тілге тиек етеді. Роберто Баджо да қарсыластарының мықты екенін, өз командасының жеткілікті түрде жаттығулардан өтіп, нағыз бабында екенін айтады. Сөз соңы Христоға беріледі. Сонда Христо күтпеген жерден футбол жұлдыздарына бір сәтке тұрып орындықты айналуын сұрайды. Футболшылар оның айтқанын орындайды. Сонда Христо көрермендерге қарап: Көрдіңдер ме, алаңда да тек менің дегенім болады, деп көпшіліктің ықыласына бөленеді. Осы чемпионатта Христо шынында да командасын жетелеп, жартылай финалға дейін барады. Финалда сол шоу қатысушылары Ромарио мен Баджо қарсылас атанады.