- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- ЮНЕСКО Стоунхенджді әлем...
ЮНЕСКО Стоунхенджді әлем мұрасы мәртебесінен айыруы мүмкін
Стоунхендж Дүниежүзілік мұралар тізімінен шығарылуы мүмкін. Егер Ұлыбритания билігі көне тастар жанынан туннель салу жобасын қайта қарастырмаса, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет бөлімі (ЮНЕСКО) осындай шешім қабылдауға мәжбүр болады.
ЮНЕСКО Стоунхенджді жойылып кету қаупі бар нысандар тізіміне қосуды жоспарлап отыр. Себебі Ұлыбританиядағы басты көрікті жерлердің бірі саналатын бұл нысанға зор қауіп төніп тұр. Десе де Ұлыбритания үкіметі мұндай шешімді өзгерте алады. Олар A303 тас жолы бір бөлігінің маршрутын қайта құрылымдау бойынша көлік департаменті бекіткен жоспарды өзгертсе, мәселе оң шешімін табады.
Естеріңізге сала кетейік, Стоунхендж тастары б.з.д. 2500-3000 жылдарда Солсбери төбелерінде салынған. Бұл жерде салмағы 6 тоннадан асатын көптеген тас табылған. Арнайы түзіліп қойылған. Олар неолит дәуірі адамдарының құрылысы болуы мүмкін дейді ғалымдар. Бұл тастардың не үшін салынғаны әлі күнге дейін белгісіз болып келеді. Кейбіреулер мұны мұзды қозғалыстың нәтижесі дейді.
Ал енді біреулер оны өзге ғаламның мақұлықтары жасаған деген сенімде. Емдік қасиеті бар деген болжам да ара-тұра айтылады екен. Ең көп қолдау тапқан теория – мола болған. Себебі бұл жерде 2008 жылы адамдардың қаңқа-сүйектері табылған. Ал олардың жасы неолит дәуірімен теңескен-мыс.
А. Оралқызы