Үй жануарларының түрлері көп. Көпшілігін көріп, асырап жүрген жайымыз да бар. Ал үйінде бизон асырайтындарды көрмек түгіл, естімеген де боларсыз.
АҚШ-тың Техас штатында Ронни және Шеррон Бриджес есімді ерлі-зайыптылар үйінде бизон жануарын асырайды. Сарайда десеңіз, қателесесіз. Ерлі-зайыптылар алып жануар үшін үйінің ішінен арнайы бөлме дайындаған.
Дикарь атты жануар олардың өміріне бірнеше рет қауіп те төндірген. Дегенмен Ронни мен Шеррон үйінен алыстатпапты. Олар жануарды отбасының бір бөлшегі санайды. 10 жыл бұрын олар үйленгенде бизон неке қию рәсімінде куәгер (шафер) де болған екен.
Ерлі-зайыптылардың 13 жыл бұрын 52 бизоны болған. 60 жастағы Рониидің бір көзі көрмей қалғаннан кейін барлығын сатуды ұйғарған. Тек кішкентай бір баласын ғана алып қалған.
- Үйде бизонның баласын асырау – менің ұсынысым болатын, - дейді Шеррон. «Өмірге бір-ақ рет келеміз. Оны қызықты, ерекше өткізгенге не жетсін. Ойлана келе Дикарьды үйде асырауды ұйғардық, - дейді.
Роннидің айтуынша, Дикарьдың жеке бөлмесі бар. Онда ол теледидар көреді-міс. Атыс-шабыс, экшн фильмдерді жақсы көреді екен.
- Біз оны cату туралы ешқашан ойымызға да алмағанбыз. Дикарь – біздің үй жануары. Біз оны жақсы көреміз, - дейді Ронни.