Бүгінде итернет қолданушылары смайлдардың көмегінсіз бір-бірімен жазыспайтын болды десек, артық айтқандық емес. Оларсыз пікір, блог жазудың өзі қиын көрінеді. Өздері сондай кішкентай болғанымен, күлкің келсе де, жылағың келсе де, жаныңнан табыла кететіндігімен ерекшеленеді.
Қарапайым күндері елене бермейтін смайлдар туралы неге сөз қозғай қалғанымызды өзіңіз де болжап отырған боларсыз. Дәл таптыңыз! Бүгін – смайлдың туған күні. Ерке таңбаларымыз өздерінің 31 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр екен. Ендеше, қуаныштарын бірге бөлісейік!
"Smile" сөзін ағылшын тілінен аударғанда "күлкі", "күлімсіреу" деген мағынаны білдіреді. Эмоцияның барлық түрлерін: қуанышты, көңілсіздікті, таңырқауды, келіспеуді білдіретін смайлдармен таныс болғандығымызбен, ең алғашқы пайда болғаны – қос нүкте, сызықша және жақшадан құралған күліп тұрған смайл еді. "Смайл" атауының шығуы да осыған байланысты. Көп адамдар олар әртүрлі эмоцияны білдіруге қауқарлы болғандықтан, эмотикон ("emotion" сөзі эмоциялар дегенді білдіреді) деп атауды ұсынады.
Жоғарыда атап өткен, ең алғашқы смайлдың авторы – америкалық Харви Болл. Ол қуаныштың нышанын АҚШ-тың сақтандыру компанияларының біріне арнап салған. Тапсырысты орындау үшін Харви Боллға 15 минут уақыт қана керек болыпты. Осы жұмысы үшін 45 доллар төлемақы алады. Кім білсін, өз туындысының осындай танымалдылыққа ие болатындығын білгенде, бұл ақшаға келіспес пе еді?
Он бес минуттың ішінде дүниеге келген таңба компания қызметкерлері мен клиенттеріне қатты ұнайды, артынан тағы да осындай 10 мың таңбаға тапсырыс береді. Бұл – смайлдың сара жолының бастауы еді. Алты айдың ішінде күлімсіреген смайл Американы толықтай баурап алады. Атлант мұхитын асып, еуропалықтардың жүрегін жаулау үшін мейірімді таңбаға бір жылдың өзі жеткілікті болды. Жейделерде, шыныаяқтарда, жастықтарда... Оның суреті барлық жерде жарқырап тұратын. Уақыт өте келе таңба күлуді, ашулануды, тіпті жылауды да үйренді.
Күлімсіреген смайлдың авторы Харви Болл болғанымен, смайл атаулының атасы – Скотт Фалман болып саналады. Өйткені, америкалық Карнегт-Меллон Университетінің профессоры алғаш рет университеттегі электронды тақтада смайлдарды ұсынған болатын. Бұл әзілді хабарламалар мен шынайы хабарламаларды бір-бірінен ажырату үшін керек еді.
Фалман әзілдерге қос нүкте, сызықша және жабылатын жақшадан тұратын комбинацияны – :–), ал салмақты хабарламалар үшін керісінше, ашатын жақша арқылы – :–( таңбалауды ұсынады. Фалмен мен оның әріптестері бұл үйлесімді күліп тұрған және қабағы түйілген бейнелерге ұқсатты.
Фалман осы ұсынысты 1982 жылдың 19 қыркүйегінде электронды хабарлама арқылы жіберген. Содан кейінгі 30 жыл бойы Фалманның табысы электрондық жазбалардың "сәніне" айналып жүр.
Айтпақшы, ел аузында осы күні смайлдар арқылы жазылған хаттардың үлкен сәттіліктер әкелетіндігі жиі айтылады. Олай болса, бір-бірімізге көңілді жазбалар жолдайық! Күлімсіреген смайлдарды алатын да, жіберетін де күндеріңіз көп болғай!
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/cP9CwclMy3E&feature","width":"450","height":"350"});
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: pic2fly.com