- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Туған күніңмен, Фейсбук!...
Туған күніңмен, Фейсбук!
Бүгін – әлемдегі ең ауқымды әлеуметтік желілердің бірі фейсбуктың туған күні. Көпшілік көңілінен шығып жүрген желі 10 жасқа толып отыр. Фейсбук желісін ойлап тапқан Марк Цукерберг осы табысының арқасында 23 жасында-ақ милллиардер атанғаны сізге белгілі деп ойлаймыз.
Фейсбук қалай пайда болды?
Ол Гарвардтың екінші курсында оқып жүргенде, яғни, 2003 жылдың 28 қазанында жұп болып түскен суреттегі ең тартымдысын таңдауға болатын интернет-сайт жасап шығарады. Марк діттегеніне жету үшін Гарвард университетiнiң компьютер желiсiнiң қорғалатын бөлiмдерiн бұзып, ондағы жеке фото бөлінділерді көшiрiп алады. Нәтижесінде, оған әкiмшiлiк қауiпсiздiктi, авторлық құқықты бұзғаны үшін айып тағылады, оқу орнынан қуылу қаупі де төніп тұрған болатын. Алайда, ол ақталып шықты.
Бәрі де осы оқиғадан басталды. М. Цукерберг келесі оқу жылының басында жаңа веб-сайт үшiн код жазуды бастайды да, келесі айдың төртінші жұлдызында thefacebook.com мекенжайы бойынша The Facebook-ті іске қосады.
Иә, сайттың алғашқы аты "The Facebook" еді. Бұл атау "The Photo Address Book" деп аталатын жаңадан түскен студенттерге курстастарының фотосуреттері, мекен-жайылары мен телефон нөмірлері жазылған анықтаманың құрметіне берілген. Және ол Гарвард университетiнiң студенттерiне ғана қолжетімді болды, кейінірек Бостон университетінің студенттеріне де мүмкіндік берілді. Біршама уақыттан кейін edu доменіндегі электрондық мекенжайы бар АҚШ-тың кез-келген оқу орнындағы студенттер де тіркеле алатын болды. 2006 жылдан бастап 13 жастан асқан электрондық поштасы бар барлық интернет пайдаланушыларға қолжетімді болды.
Он жылдық тарихы бар Facebook компаниясы күн өткен сайын жаңа қолданушылар мен жаңа функцияларды қосу арқылы дамып келеді. Осы уақытқа дейін Марк Цукерберг бірнеше рет сот процестерін өткізсе де, әрдайым өзін дәлелдеп жүр. 2013 жылғы көрсеткіш бойынша, фейсбук желісінде 1,2 миллиард қолданушы бар.
Қазақстандағы фейсбук жағдайы туралы бірер сөз айта кетейік, фейсбуктің қазақ тілді толық нұсқасы әзірше жоқ. Біздің елімізде 18-24 жас аралығындағы азаматтар фейсбук желісін қолданатындардың ең үлкен тобын құрайды. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі нәзік жандылар қауымына тиесілі екендігі де анықталып отыр. Қазақстан осы желіні қолдану бойынша Орталық Азия елдері ішінде бірінші орынды иемденіп тұр. Желінің белсенді, тұрақты, танымал блогерлері де бар. Жыл сайын әрбір қалада фейсбук қолданушыларының кездесуі өткізіліп тұрады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: positime.ru, ntv.sg