- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Сығандар қай тілде...
Сығандар қай тілде сөйлеседі? Бүгін қандай күн?
Бүгін – Халықаралық сығандар күні (International Roma (Gypsy) Day). Атаулы күн 1971 жылы сәуір айының сегізінші жұлдызында Лондонда өткен Бүкіләлемдік сығандар конгресінде белгіленді. Конгреске 30 мемлекеттің уәкілі қатысқан болатын. Нәтижесінде, олардың ұлттық нышандары қабылданып, жеке тәуелсіз ұлт деп жарияланды.
Сыған туралы алғашқы естеліктер 1501 жылы сыған тобырының көсемі Васильдің Литва князі Александр Казимировичтен күзет грамотасын алған кезден бастау алады. Бүгінгі таңда аталмыш мереке ірі сыған ұйымдары бар 60-қа жуық елде жыл сайын аталып өтіледі.
«Сыған» - «славяндықтар», «кавказдықтар», «скандинавиялықтар» сынды жинақтама термин. Сығандардың құрамында онға жуық халық, өздеріне тән әнұраны, туы, көркем әдебиеті бар. Олар шартты түрде батыс және шығысқа бөлінеді. Негізінде олар ұлт ретінде Персияда (шығыстық бұтақ) және Рим Империясында (батыстық бұтақ) қалыптасқан. Екі топтың ішінде батыстықтар сыған деген атауға лайықтырақ келеді. Екі жақтың мәдениеті мен салт-дәстүрінде елеулі өзгешіліктер бар және олар бір-бірімен араласпайды.
Көптеген ғалымдар мен тілшілер батыстық сығандар Еуропа елдерінде пайда болғандықтан оларды еуропеоидтар (тағы бірде "шығыстың құпия халқы" деген атауы да кездеседі) деп жазады. Дегенмен, орыстар мен испандар секілді оларда да шығыстық менталитеттің ұшқындары байқалады.
Сыған тілі санскрит тілінің жалғасы саналады. Сондай-ақ, олар хинди тілін де түсінеді. Сондықтан олар үнді фильмдерін сүйіп тамашалайды. Олардың құрамындағы топтардың атауы белгілі бір мамандықпен немесе өздеріне жақын мемлекеттің атауымен тығыз байланысты.
Кез келген ұлт секілді сығандарда да ұлттық тағамдар бар. Олар ертеден орманды жерлерде өмір сүреді. Қоян, қабан сынды аңдарды аулаумен айналысады. Сығандардың ерекше ұлттық тағамы ретінде қуырылған немесе бұқтырылған кірпіні айтуға болады.
Сығандар бүгінде Антарктидадан басқа барлық құрлықта кездеседі. Жоғарыда аталған еуропалық сығандардың саны шамамен 8-12 млн. аралығында екен.
Сыған халқы туралы басқа да қызықты деректерді мына жерден оқыңыздар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: naturetop.ru