Сұлулықтың мерейі үстем болсын!

Бүгін – Дүниежүзілік сұлулық күні (International Beauty Day). Мерекенің белгіленуіне мұрындық болған –  Халықаралық эстетика және косметология комитеті (СИДЕСКО).

Халықаралық эстетика және косметология комитеті – сұлулықтың әлемдегі ең басты халықаралық Ассоциациясы саналады. Ол 1946 жылы Брюссельде құрылған болатын. Сол уақыттан бері қызу жұмыс істеп келе жатқан ұйымның әлемнің 33 елінде бөлімшелері бар.

1995 жылы Бүкіләлемдік конгрессте 9 қыркүйекті Бүкіләлемдік сұлулық күні деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл күнгі барлық іс-шаралар мен әрекеттер "әлемді құтқарады" деген классикалық сөздің құрметіне жасалады. Әсіресе, ауқымды сұлулық байқауларын ерекше атап өтуге болады. Әлемдік стандартқа сай келмесе де, әрбір мемлекетке, әрбір қалаға жақсы таныс фестивальдарға нәзік жандылар қауымы белсенді түрде қатысады.

Тарихтағы ең алғашқы сұлулық байқауы 1888 жылы Бельгияда өткен екен. Ал бәрімізге жақсы таныс "Әлем Аруы" байқауы алғаш рет 1951 жылы Лондонда ұйымдастырылады.

Жалпы сұлулық дегеніміз не? Мұны әлемдегі ең көкейтесті сұрақтардың бірі әрі бірегейі деуге болады. Ендеше, сұлулық күнінде де осы сұрақ төңірегінде ой өрбітіп көрелік.

Шығыс даналарының айтуы бойынша, шынайы сұлулық дегеніміз ең әуелі мықты денсаулық. Енді бір ойшылдарымыз сұлулық дегеніміз – Әйел дейді. Өйткені, әлемнің бар асылын, үлдесі мен бүлдесін оранатын - осы нәзік жанды қауым. Ал Фетхулаһ Гүленнің сөзімен айтқанда, сұлулық дегеніміз – көзіміз бен жан-жүйемізді жаулаған, рухымызда қуаныш пен келісім сезімдерін оятқан, содан жалғасып ары қарай ішкі дүниемізде әсемдікке айналып үлгерген және бізге суреттеп беруге оңайға соқпаған ең қызық дәуренді, балғын балауса сәттерді туғызып отырған мән, мағына, мазмұн және сурет сынды эстетикалық негіздер, не болмаса, осы негіздердің бір бөлігін тамашалатқан ішкі әлеует.

Әр заманның өз сұлуы бар. Ерте заманның сұлуы бұл заманда сұлу боп саналмауы да мүмкін. Әр халықтың өз идеалы, сұлулық ұғымы туралы өз пікірлері бар екендігіне де таласымыз жоқ, мәселен:

Қытайлар бет сүйегі шығыңқы, мұрны жалпақ және құлағы сорайған қыздарды сұлу деп есептейді. Көздері көк қыздарды олар маймылға ұқсатып, көріксіз деп санайды.

Ал Индонезияда қоңыр әйелдер еуропалық қыздарға қарағанда әлдеқайда көрікті деп саналады, ондай қыздарды олар «картоп гүлдеріне ұқсатады».

Химба тайпасының тұрмыс құрмаған бойжеткендері үшін сұлулық - бетін көлеңкелеп тұратын кекіл.

Индонезияның Ментаваи тайпасының сұлулығы - үшкір, өткір тістер. Ал "сұлулық" ұғымы қазақ түсінігіндегі "шашы ұзын, ақылы қысқа" әйелдің сыртқы келбетімен өлшенеді деген пікірге келісуге болады. Бірнеше ғасырлардан бері қолаң шашты, ай қабақ, алтын кірпікті сұлуларымыз талайлаған ақын-жазушыларымыздың шығармаларына арқау болып келеді.  

ХХ ғасыр косметология ғылымына төңкеріс әкелді деуге болады. Макияж күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Өте мұқият жағылған опалы бет, баппен сүрмеленген көз, дұрыс боялған ерін табиғаттың берген сұлулығынан бірде бір кем түспейді. Ал ХХІ ғасырда қыздың сыртқы сұлулығына мән беріліп, жан-дүние сұлулығы екінші орынға ысырылып қалды. Сондықтан қыздар сұлу болып көріну үшін денедегі кем-кетіктерін жасырам деп түрлі құрбандықтарға барады. Пластикалық ота салонға кіріп-шыққандай үйреншікті нәрсеге айналып кетті. 

Қалай болғанда да, бүгінде біздер сұлулықтың "анықтамасын" жан сұлулығы мен тән сұлулығының үйлесуі деп жылы жауып жүрміз. Сұлулықтың сұмдық күш екені де рас. Олай болмаса Федор Достоевский «Сұлулық әлемді құтқарады» деген тәмсілді айтар ма еді?

Мереке құтты болсын, сұлулар, сұлулықты бағалай білетіндер! Әрдайым, әсемдікке құштар және әлемді құтқаратын сұлу болайық!

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com