«Melbourne» газетінде жақында таңғажайып хабар басылған. Аустралиялық 21 жастағы студент жол апатына түсіп, 17 ай бойы ес-түссіз жатқан. Бірақ 17 айдан кейін оқыс оянған ол айналасындағыларға қытайша сөйлеген. Бен МакМахон есімді бұл жігіт қазір Аустралиядағы қытай тіліндегі теле бағдарламаның жүргізушісі болып, атын шығарып үлгерді.
Бен МакМахон мектепте оқып жүрген кезінде қытай тіліне қызығып, аздап үйренген. Кейін университетке түскен соң қытай тілін біржола ұмытып кеткен екен. Алдыңғы жылы көлік апатынан соң, 17 ай бойы өсімдік адам қалпында ес-түссіз жатқан. Бұл уақыттар ол емханада дәрігерлердің ерекше бақылауында болған. Тек бір жарым жылдан соң оқыстан есін жиған жігіт өзіне қарайласып жүрген медбикеге қытайша амандасыпты. Және қытай тілінде ешбір айна-қатесіз сөйлеп жүре берген.
Есін жиған сол күннен бастап оның қытай тіліне деген әуесі күн сайын арта беріпті. Өзінің айтуынша бұл тәңірдің өзіне берген ерекше ілтипаты екен. Ол қазір қытай тіліндегі телебағдарламаның жүргізушісі. Бұл бағдарлама жыл соңында бүкіл Австралияға тарайтын болады.
Бен МакМахон және ол жүргізетін "Oh My God" телебағдарламасы.
1-маусымдық көп бөлімді бұл бағдарламаның түсірілімі басталғалы біраз уақыт болды. Бағдарламада негізінен Австралия және қытай мәдениеті, саяси-экономикалық қарым-қатынасы таныстырылады. Оның тап-таза қытай тіліндегі сөзі мен айна-қатесіз сөйлеу мәнері қытайлықтардың өзін қайран қалдырды.
Бен МакМахон журналистерге берген сұхбатында: «Мен мұны тегін құбылыс деп қарамаймын. Есімді жиған кезімде жанымда жүрген қытайлық медбикені көріп, өзімді қытай елінде жүргендей сезіндім. Және сол елде туып-өскен сияқтымын. Мұның бәрі мен үшін түс секілді. Есімді жиған соң да тәнімнің Австралияда болғанымен, ой-санамның бәрі қытайда жүргендей әсер алдым. Өзім де білмеймін. Дәл қазір қытай тілін өз ана тілімдей сөйлеймін. Бұған өзім де қайранмын. Шын мәнісінде қытай тілін мектепте жүрген кезімде үйренгенмін. Онда да мандымды ештеңе үйрене алған жоқ едім. Тіпті, университетке түскен соң ұмытып та кетіппін. Ал қазір бәрі де керісінше...» депті.
Ал бұл құбылысты медицияна мамандары мен тіл ғалымдары да түсіндіріп бере алмай отыр. Олардың айтуынша дүниежүзінде мұндай жағдайлар бірінші рет болып отырған жоқ дейді. Осыдан біраз жыл бұрын АҚШ азаматы шырғалаңға түсіп, өзі мүлде бейхабар болған Француз тілінде сөйлеп оянған екен.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com