Біз мақалада әңгімелегелі отырған елдерге демалысқа аттануды немесе көшуді жоспарлап жүрген болсаңыз, сіз моральді тұрғыда дайын болуыңызды қажет ететін тұрмыстық ерекшеліктер бар. Ондай жоспарыңыз болмаса да, бұл ақпараттан хабардар болған артықтық етпейді.
Шетелде демалу кезінде біз жаңа һәм бейтаныс нәрселерге жиі ұшырасып жатамыз. Мұндай «географиялық ашылулар» валюта бағамынан басталып, үстел үстінде өзін ұстау мәнерімен аяқталады. Мұндай қызықтар, әсіресе, күнделікті тұрмыста жиі байқалады.
АҚШ: қоғамдық кір жуатын орындар
Қазіргі поп мәдениетте америкалық қоғамдық кір жуатын орындар біздің қоғамдағы көпқабатты үйлер алдындағы ағаш орындықтар секілді. Яғни, бұл көршілер кездесіп өзара пікірталастар жүргізетін, жаһандық маңызды мәселелер талқыланатын орын. Шындығында, мұндай кір жуғыш машиналар мен кептіргіштер - пәтерде орын үнемдеуге және коммуналдық төлемдерді азайтуға арналған таза утилитарлық өнертабыс. Қоғамдық кір жуу орындары Құрама Штаттарда Ұлы Депрессиядан кейін, жеке кір жуғыш машиналар халықтың көпшілігі үшін қол жетімді болмаған кезде пайда болды. Дегенмен, өмір сүру деңгейі жақсарғанымен, көптеген америкалықтар көршілерімен ортақ машиналарды пайдаланғанды жөн санайды. Бұл үнемдеу мақсатында ма, әлде әдетке айналғаннан ба?! Ол жағы белгісіз.
Оңтүстік Корея: кимчиге арнайы тоңазытқыш алу
Сіздің ас үйіңізде кәдімгі тоңазытқыштан басқа, қырыққабатқа арналған арнайы тоңазытқыш бар деп елестетіп көріңіз. Оңтүстік Корея тұрғындары үшін бұл жағдай әбден үйреншікті, олар онда қырыққабат емес, кимчи сақтайды. Дәмді хош иістендіріліп ашытылған бұл көкөніс – кәрістердің күнделікті тұтынатын сүйікті астарының бірі. Сол себепті оның қорын бір жерде сақтау керек болғандықтан, олар бұл үшін арнайы құрылғы ойлап тапты. Міне қызық!
Германия: жексенбі күні дүкенге бармау
Жалпы жексенбі барша адамзат үшін ресми демалыс күні саналатыны жасырын емес. Немістер үшін де солай. Бірақ біз керісінше сол күні дүкен аралауға шықсақ, олар жексенбіде дүкендер де демалуы керек деп есептейді. Сондықтан олар жексенбіге ертерек қамданады. Бір апта бойы дүкенге бармаған адам дүйсенбіні күтуге мәжбүр болады. Ресми демалыс күні азық-түлік сатып ала алмайтын болғандықтан, немістер дүйсенбі күнін күтпеу үшін сауданы сенбіде жасаған дұрыс деп санайды.
Десе де, егер сізге шұғыл түрде сүт немесе тіс пастасы қажет болса, сізге ең жақын жанармай құю станциясына бару керек, онда сіз әрқашан қажетті тауарларды таба аласыз. Бір қызығы, Германияда дүкендер тоқсанына бір рет, яғни жылына төрт рет жексенбі күні де ашылады. Бірақ мұндай кездерде сатып алушылардың ағыны «Қара жұма» сатылымына ұқсайды. Адам қарасы көп болады.
Жапония: ағаш ваннада шомылу
Жапониялықтардың тұрғын үйлері ешқашан жылытылмайды. Сол себепті олар арнайы жылытқыштар құрылғылар мен мен кондиционерлерді пайдаланады. Мұндай ыңғайсыз өмір сүру жағдайы жергілікті халық арасында офуроның үлкен танымалдыққа ие болуына әсер етті. Офуро – ағаштан жасалған дәстүрлі жапон ваннасы және жылынудың жалғыз қолжетімді жолы. Офуроның басты ерекшелігі – оның ішінде жуынуға болмайтыны. Үстін жуу үшін жапондар алдын ала душ қабылдайды. Ал ағаш ванна жылыну көзі ретінде ғана қолданылады. Ваннаны күніне бір рет қана жылы сумен толтырады, содан кейін барлық отбасы мүшелері суды бірінен кейін бірі пайдаланады.
Исландия: термалды бұлақтардан келетін ағын су ішу
Исландиядағы бүкіл сумен жабдықтау жүйесі термалды бұлақтардың есебінен жұмыс істейді, сондықтан ағынды суды ішу, сонымен қатар оған тамақ пісіру өте пайдалы және қолжетімді. Табиғи қайнаған су үйлерді жылыту үшін де қолданылады. Мұндай әдіспен жыл бойы жылытылатын үйлерді пәтер тұрғындары батареялардағы арнайы реттегіштің көмегімен жылыту деңгейін өздері бақылай отырып, жазғы уақытта өшіріп қояды. Сонымен қатар, кез келген дерлік кафеде немесе мейрамханада сіз бір стақан суды тегін сұрай аласыз, өйткені оны бәрі бірдей краннан құйып алады. Исландия тұрғындарының жалғыз мәселесі – күкіртті сутегінің жағымсыз иісі. Дегенмен, бұл суда ақау бар дегенді білдірмейді, керісінше ол пайдалы заттармен толтырылады және ағзаға пайдалы әсер етеді.