Жыл өткен сайын жер бетіндегі автокөліктер саны артып жатқаны әр елге жаңа мәселелер туғызып жатыр. Уақыттың маңыздылығын бағалай білетін қазіргі заман адамдары кептеліс атаулыдан құтылу үшін түрлі айла-тәсіл ойлап табуда. Бұл тығырықтан шығудың ең қарапайым шешімі, көлік қозғалатын аймақтағы жолақ санын кеңейту. Сонымен қатар, шиіленіскен бұрылыстарға көпірлер орнату, жаяу жүргіншілер көпірін және жер асты өту жолдарын тұрғызу. Автобус, жеңіл автокөліктің жеке-жеке жолақтарын сызу. Ірі қалаларда метро желісінің құрылысына көңіл бөлу. Кептелістен қатты зардап шегетін елдердің бірі Қытай. Халық санының көптігіне байланысты бұл мәселе елдегі ең өзекті жағдайға айналған. 2010 жылы Шанхай қаласында дүние жүзіндегі ең ұзаққа созылған көлік кептелісі болды. Оның ұзындығы 99 шақырымға жеткен. Бұл кептелістен құтылу үшін 12 күн күткен. Жағдайдың орын алуына түрткі болған Моңғолиядан Қытайға көмір таситын ауыр автокөліктердің саны артуы. 22 қыркүйек бүкіл әлем бойынша көліктен бас тарту күні ретінде жарияланды. Дәл осы күні атмосфераны тазарту жүзеге асумен қатар, адамдар да көліктерінен түсіп, велосипедпен, жаяу жүріп бойға қан жүгіртеді. Халық санының көптігіне байланысты кептелістен әбден қажыған халықтың бірі үнділер. Үндістанда көлік қозғалатын негізгі жолдарға сиырлар жатып алып, кептелістің пайда болуына түрткі болады екен. Барлығы білетіндей, бұл жануар елдегі ең қасиетті үй жануары болғандықтан оған ешкім тиісе алмайды. Сингапурда бұл мәселені шешу үшін арнайы заң қабылданды. Енді, жергілікті халық сатып алып жүрген жеңіл көліктің бағасы 3 есеге дейін қымбаттады. Ел басшылығы бұл өзгерісті кептелістен арылудың ең тиімді әдісі деп бағалап отыр. Ал, Индонезияда қала ішінде көлікпен қатынау үшін көлікте кемінде 3 адам болу керек. Жүргізуші жалғыз болған жағдайда заң бойынша үлкен көлемде айыппұл төлейді. Бұл тығырықтан шығу үшін, жүргізуші міндетті түрде жол-жөнекей 2 адамды өзіне серік етіп жүреді. Жол кептелісінің ең алғашқы көрінісі Римде байқалды. Ал, қазіргі кезде Рим қаласында жұмыс уақытында жеке көлікпен қаланың орталығына шыққан жұмысшы айыппұл төлейді. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, бұл кептелістің жағымды тұсы да бар екен. Мысалы, жан басына шаққан көрсеткіш бойынша әлемдегі ең көп көлік қатынайтын аумақ Калифорния штаты. Бірақ, бұл мекенде көлік қарасының көптігіне қарамастан, жол қақтығысы мүлде аз болады. Себебі, әрдайым кептеліс болғандықтан, жүргізушілер ең баяу жылдамдықпен қозғалады. Біздің елде, бұл мәселе тек Алматы, Астана қалаларында өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Сәйкесінше, сол машақаттан шығу жолы да оңтайлы шешіліп жатыр. Мәселен, Алматыда салынған метро, үлкен даңғылдарда салынған көпірлер, жаяу жүргіншілер көпірі осының барлығы бұл мәселенің ретімен шешілуіне жағдай жасап жатыр.