- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Онлайн-олжа: Қазақстан экваторда...
Онлайн-олжа: Қазақстан экваторда орналасса
Оқушы кезден адам миында өмір бойы сақталып қалатын мәліметтер болады. Мысалы көбейту кестесі дәптер артындағы кестемен байланыстырылады, кейбір адамдар апта күндерін күнделік беттерімен елестетеді. Ал география кабинетінде ілініп тұратын карталар мен атластар әлем елдерінің орналасуы мен шекарасын елестетуге, ұшақтардың ұшу бағытын анықтауға себеп болады. Алайда картадағы көп сызба шындықты бедерлегенмен, ақиқатты көрсете алмайды.
XVI ғасырдың өзінде әлемдік картаның ауқымды жобасын жасаған Герард Меркатор алғаш болып домалақ сфераны қағазға қондырды. Содан бері жасалып келе жатқан карталар мемлекеттердің шынайы жер көлемін бұрмалап келеді. Жалпақ карталарда геограрфиялық бойлықтар бір-біріне параллель орналасақан, ал шындығында олар полюстерде қиылысады. Нәтижесінде полюске жақын орналасқан елдердің жері экватордағы елдерге қарағанда ауқымды көрінеді.
IT-мамандар Джеймс Талмейдж бен Дэймон Манис шын географияның қандай екенін көрсететін True Size жобасын жасап шыққан. Жобаның сайтына кірсек, Google карта негізінде жасалған интерактивті карта шығады. Ондағы негізгі мақсат – Жер бетіндегі мемлекеттер өзге құрлықта орналасса, оның жер көлемі визуалды тұрғыда қалай өзгеретінін көрсету.
Жер көлемі бойынша бірінші тұрған Ресейді экваторға апарып қойсақ, оның жер көлемі қазіргіден 2 есе кішірейіп қалады.
Жер көлемі бойынша 5-орында тұрған Бразилияны Канада тұсына апарсақ, 2-орынға жайғасады.
Солтүстік полюске ең жақын орналасқан Гренландия аралын Африкаға "көшірсек" географиялық бойлықтардың мәні ашыла түседі.
Ал Қазақстан экваторда орналасса, Индонезиямен шамалас болып қалады.
Сәйкесінше, солтүстікке ойыстырсақ, жер көлемі едәуір кеңейеді.
Бұл жоба арқылы мына тұжырым жұмырлана түседі: экватор бойында және оған жақын орналасқан мемлекеттер біз көргеннен де ауқымды және полюске жақын орналасқандар біз ойлағандай кең емес. Бұл – картографиялық проекцияның нәтижесі.
Massaget.kz