Мехико штатының бас прокуроры кеше, 9 қараша күні, Тлалнепантл қалашығындағы жылдам тағам ұсынатын Mcdonald's ресторанын жабу туралы шешім шығарды. Себебі аталған дәмханада дайындалған гамбургердің ішінен егеуқұйрықтың басы шыққан. Бұл туралы La Jornada басылымы хабарлады.
Күні кеше ресторан тұрақты келушілерінің бірі сатып алған тағамын тұтыну кезінде уланып, дереу емханаға жеткізілген. Кейіннен ол құқық қорғау органдарына хабарлап, ресторанды жабуды талап еткен.
Сол күні егеуқұйрықтың басы бар гамбургердің суреті әлеуметтік желілерде тарап кеткен. Ал ресторан басшылығы мұны жалған айыптау деп, тағам дайындауда барлық талапқа сай жұмыс істейтіндерін мәлімдеген.
Қазіргі таңда, бас прокуратура «Макдоналдс» ресторанына қарсы қылмыстық іс қозғау талабын білдіріп отыр.