Қызанақ "соғысы" басталды

Жыл сайын тамыз айының соңғы аптасында Испанияның шығыс бетіндегі Буньол (Bunol) қаласында "Қызанақ фестивалі" өткізіледі. Күзге орын бергелі отырған жазбен қоштасу мерекесін кейде "Қызанақтар соғысы" деп те атап жатады.

Басқа да испандық фестивальдар секілді мұнда да мерекелік отшашулар, көңілді әуендер, тегін тағамдар болады. Солай бола тұрғанымен, қызанақ фестивалінің де қайталанбайтын ерекшеліктері жоқ емес. Соның бірі – мерекенің шарықтау шегі саналатын Томатина, яғни "Қызанақ соғысы" екен. Қаланың орталық алаңында өтетін кішігірім "соғыс" Буноль қаласына әлемнің бұрыш-бұрышынан туристерді жинайды.

Шайқастың басталу уақытын сәрсенбі күні сағат 11:00-де қалалық ратушадан шығарылатын арнайы дабыл хабарлайды. Дабылдың артынша қала көшелеріне мерекенің басты қаһармандары – піскен қызанақтар тиелген жүк көліктері шығады. Сонан кейін мереке қатысушылары (бұлар Буньол қаласының барлық тұрғындары) көліктегі негізгі "оқтарды" бірінші алып үлгеру үшін жүгіреді. Тағы да бір шарты – қатысушылардың бірі сабынмен сыланған биіктігі 2 метр бағанаға өрмелеп шығуы керек. Кейінгі жеткендері алғашқы болып барғандардан "кек алу" мақсатында оқ жаудырады да көңілді соғыс басталып кетеді.

Оқ ату үшін таңдалатын нысананың кез келген адам болуы мүмкін, қатысушылардың негізгі мақсаты – кім екені маңызды емес, қалай болғанда да өз айналасындағыларды, көршілерді қызанақпен ату. Мерекелік шайқас таңғы сағат он бірде басталып, екі сағатқа созылады.

Аз ғана уақытқа жалғасатын шайқасқа қатысушылар санын орта есеппен 40 000 деп алатын болсақ, оған жүздеген тонна қияр жұмсалды. Осыдан кейін-ақ қалалық алаң мен қала тұрғындарының нендей күйге түсетінін ойлай беріңіз.

Мерекенің басты қожайындары – піскен қызанақтар. Екі сағаттан астам уақытқа созылатын шайқас барысында барлық барлар мен кафелер, мейрамханалар, қоғамдық орындар, есіктер мен терезелер жабық болады.

Қалалық алаңның басқа жерлердің өзінде таза болып қалу мүмкін болмағандықтан, мереке күні қатысушылар жеңіл киімдерді киіп шығады. Киімдерге арнайы қойылатын тосқауылдар жоқ.

"Қызанақ соғысы", "Томатина" немесе "Қызынақ өзені" деген атаулар күні кеше ғана пайда болған жоқ. Аталған аты шулы мерекенің тамыры Франко әулетінің диктаторлық билігі кезінен бастау алады. Деректерге сүйенсек, қызанақ атқылау олардың келіспегендігін білдіретін нышан болған екен. Сондай-ақ, мерекенің тарихын 1945 жылдармен байланыстыратын тұжырымдар да жоқ емес.

Сол жылы қала негізін салушы әулие Луи Бертранның құрметіне ұйымдастырылған фестивальге қатысушы екі азамат жанжалдасып қалып, бір-біріне қызанақ лақтыра бастайды. Олардың әрекеттерін түсінбеген басқа достары да қосыла кетіп, қызанақ шайқасын бастап жібереді. Айқас жеміс сататын лашықтың жанында болғандықтан "оқты" табу қиынға соқпады. Мұны көрген полиция қызметкерлері бұзақыларды қуып, бүлінген жемістер үшін айыппұл төлетеді.

Бір қызығы, келесі жылдың дәл осы күнінде әлгі бұзақылар дәл осы жерге жиналып, өздерімен бірге қызанақ әкеледі де, тағы да шайқас ұйымдастырады. Уақыт өткен сайын, қызанақ атысы бүкілқалалық ойын-сауыққа айнала бастайды. Полиция қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан қатысушылардың саны да артты.

1950 жылы жергілікті билік өкілдері Томатина мерекесінің өтуіне алғаш рет қарсылық білдірмеді. Алайда, темпераментті келетін испандықтар бір-бірін қызанақпен жазалап қана қоймай, бұзақылықтарға орын беріп жатты. Осының салдарынан маңызды тұлғалар зардап шекті де, 1957 жылы мерекеге шектеу қойылды.

Бұл жаңалыққа көңілдері толмаған испандықтар қала көшелерінде "қызанақ жерлеу рәсімін" ұйымдастырды. Яғни, қызанақ толтырылған алып табытты алып жүріп, артынан жоқтаушылар мен оркестр ілесті. Осындай жағымсыз әрекеттерден кейін жергілікті үкіметтің шарасы таусылып, 1957 жылы Томатинаны ресми мереке ретінде жариялады.

Жыл өткен сайын фестивальға қатысушылар саны артып келеді. Осыған байланысты мерекенің арнайы ережелері қабылданды. Тыйым салынған төрт қана нәрсе бар:

1. Шайқастың басталуы мен аяқталуы қалалық ратушадан шығарылатын дабыл арқылы анықталады.

2. Оқ ретінде қызанақтан басқа ешбір нәрсені пайдалануға болмайды, қатысушыларға зардабы тимес үшін, қызанақты лақтырар алдында жаншып алу керек.

3. Бір-бірінің киімдерін жұлқылауға, жыртуға тыйым салынған.

4. Жүк көлігің жүруіне қызанақ арқылы кедергі жасауға болмайды.

1975 жылдарға дейін әрбір қатысушы қызанақты өзімен бірге алып келетін еді немесе қызанақ үшін қалтасынан ақша шығаратын. 1975 жылдары қызанақты қасиетті Луис Бертрананың монахтары әкелетін болды. Бес жылдан кейін мерекені ұйымдастыру жұмыстарын қала муниципалитеттері қолға алды. Осыдан кейін қатысушылар мен лақтырылатын қызынақтар саны күрт өсіп кетті.

Шайқас қызанақ шырыны толтырылған бассейнге шомылумен, түрлі ойындармен аяқталады. Мереке аяқталған соң өрт сөндіру көліктері қала көшелерін қызанақ «ботқасынан» тазартады. Кейде бұл «ботқаның» тереңдігі тобықтан келеді. Фестивальдің өзі бірнеше күнге созылып, тұрғындар жайдарлы жазды көтеріңкі көңіл-күймен шығарып салады.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/YZ1tNvhGPUg","width":"450","height":"338"});

Сурет: vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева